Осындай техника түрін Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті, болашақ инженер Даниил Мершиев жасап шығарды. Ол бұл туындысын “Зерттеуші дрон” деп атаған, – деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Даниил құрастырған дронның басты ерекшелігі – оның жеңіл әрі экологиялық таза материалдан жасалуы. Қаңқасын құрастыруда студент бамбукты қолданды. Бұл материал құрылғының жеңіл болуын қамтамасыз етіп қана қоймай, оның беріктігі мен ұшу тұрақтылығын арттыруға септігін тигізеді.
Бүгінде дрондар әскери саладан бастап, ауыл шаруашылығы, экологиялық зерттеулер мен қауіпсіздік салаларында кеңінен қолданылады. Мұндай өндіріспен негізінен ірі компаниялар мен ғылыми орталықтар айналысады. Дегенмен, Даниилдың мақсатына жетуіне бұл тосқауыл болған жоқ. Ол өздігінен зерттеу жүргізіп, шағын бюджетті жоба аясында қолжетімді дрон құрастырды.
“Менің басты мақсатым – ғылыми зерттеулерде қолдануға болатын шағын әрі қолжетімді дрон жасау. Бамбуктан қаңқа жасау – кездейсоқ шешім емес. Бұл материал өте жеңіл, икемді және экологиялық таза. Жобаны іске асыру барысында бірқатар техникалық қиындықтарға тап болдым. Бірақ, іздене жүріп, қажетті бөлшектерді тауып, оларды дұрыс біріктіруді үйрендім. Нәтижесінде, күткенімнен де жақсы құрылғы шықты”, – дейді Даниил.
Даниилдің бұл ерекше жобасына қолдау көрсеткен жанның бірі – Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің оқытушысы, жетекшісі Бауыржан Дауылбаев. Ол шәкіртінің еңбегін жоғары бағалап отыр.
“Біз студенттерді тек теориямен шектемей, оларды практикалық ізденіске жетелейміз. Даниилдің жобасы – осының жарқын мысалы. Ол дайын үлгіні жинап қана қойған жоқ, барлық процесті өзі жүргізіп, әрбір бөлшекті мұқият зерттеді. Бұл – үлкен еңбек пен табандылықтың нәтижесі. Алдағы уақытта бұл жобаны одан әрі жетілдіріп, оны қолдану аясын кеңейтуге мүмкіндік қарастырамыз”, – дейді жетекшісі.
Даниилдың айтуынша, қазіргі нұсқа – алғашқы прототип қана. Ол алдағы уақытта дронның ұшу уақытын ұзарту, бейнекамера сапасын жақсарту және автономды басқару жүйесін жетілдіру сияқты бірнеше жаңарту енгізуді жоспарлап отыр.
“Бұл дронды экологиялық зерттеулерде немесе төтенше жағдайларда барлау жұмыстарында қолдануға болатынын дәлелдегім келеді. Мысалы, дала өрттерін бақылау немесе су тасқыны кезінде барлау жүргізу сияқты маңызды міндеттерге бейімдеуге болады”, – дейді студент.
Елімізде осңғы кездері техникалық мамандықтарға деген қызығушылық артып келеді. Жастар тек шетелдік технологияларға сүйеніп қана қоймай, өздері де жаңа нәрселер жасап шығаруға ұмтылуда. Даниилдің жұмысы – осындай қызығушылықтың нақты дәлелі. Оның жасаған дроны студенттердің техникалық шығармашылық қабілеттерін дамытуға ынталандырады.
“Мен болашақта тек дрон жасаумен шектелмей, автоматтандыру саласында түрлі жобалармен айналысқым келеді. Біздің елімізде техникалық инновацияларды дамытуға мүмкіндік мол, тек ынта мен еңбек қажет”, – дейді жас өнертапқыш.
Осындай жастардың еңбегі қолдау тауып, болашақта Қазақстанның технологиялық дамуына өз үлесін қосатыны сөзсіз. Қазіргі заман – жаңа идеялар мен жаңашыл ойларды жүзеге асыратын кезең. Ал Даниил сияқты ізденімпаз студенттер – осы дамудың қозғаушы күші.