Біздің ауданда үш-төрт ауылдық округтерде ғана мал шаруашылығына тиесілі жайылымдық жерлер бар. Осы аптаның алғашқы күні сол жер телімдерінің тиімді пайдаланылуы мәселелері бойынша «Nur Otan» партиясының бастауымен комиссия құрылып, жайылымдықтарға рейд жүргізілді.
«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов басшылық еткен комиссия мүшелері алдымен тексеру барысын Жібек жолы ауылдық округінен бастады. Мұнда мал жаюға бөлінген жер ыңғайлы, әрі ауылдан сәл алшақ орналасқан тұрғындарға кедергі келтірмейді екен. Аталған округте тұратын адамдардың 200-ге жуық ірі қарасын бағатын малшылардың да комиссияға айтар шағымдары жоқ болып шықты. Оның үстіне белгіленген аймақтан аспай жылқы мен сиырды жайып жүрген малшыларға бөлінген жер таршылық етпейтін көрінеді. Ал, Елтай ауылдық округінде жайылымдықпен қамтамасыз етілу деңгейі төмен. Сол жердің малшысы Шаймерден ағаның айтуынша, қазір тұрғындар сиыры мен жылқысын ауыл маңына жақын аймаққа жаюға мәжбүр. Себебі, жайылымдықтарға бөлінген жер телімдері кезінде белгісіз себептермен жекеменшікке өтіп кеткен. Өзекті мәселені комиссия мүшелері назарға алғандарын жеткізіп, «Nur Otan» партиясының негіз болуымен алдағы уақытта шешілуіне атсалысатындықтарын жеткізді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.