Жуырда аудандық мәдениет үйінде «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастырумен, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазыналы Қарасай» жайдарман ойыны өтті. Жалпы шараның басты мақсаты – мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, бойларындағы шығармашылық қабілеттерін, өнерге деген құштарлығын арттыру және талантты жастарды қолдау, достық қарым-қатынасты орнату, көңілді тапқырлыққа бейімдеуге арналды. Оған арнаулы орта білім беретін жеті колледждің студенттерінен құралған командалар қатысты. Ал, сайысты әр саланың мамандарынан тандалған қазылар мүшелері сараптады. Атап айтсақ, Шамалған мәдени орталығының директоры Аңса Дүйсенбай, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Нұрлан Жұманов, аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Әсет Нұрекенов және «Жастар ресурстық орталығының» жетекшісі Мадина Нұрланова.
Қазылар алқасы жарыс тек бір кезеңнен тұрғандықтан, қатысушылардың тақырыптың дұрыс ашуына үлкен мән берді. Мұнан өзге жайдарманшылар мемлекеттік бағдарламалар, колледж өмірі, қоғамдағы мәселелерді әзілге айналдырып, келген көрермендерді күлкіге қарық қылды. Сондай-ақ, сайыста қатысушы жас өрендердің өнерімен қатар дайындығы, тапқырлы-ғы, сахналық мәдениеті мен этикалық талаптарының сақталуы сыналды.
Өз колледждерінің намысын арқалаған қатысушылардың әрқайсысы марапаттан құр қалмай, арнайы номинациялар мен мадақталды. Олар, «Үздік ойыншы» номинациясына Нұрсұлтан Кенжебаев, «Үздік сәлемдесу» номинациясына С.Жандосов атындағы көпсалалык колледжден «Жалынды жастар» командасы, «Үздік мәтіндер» номинациясына «Аяжан» медициналық колледжінен «Кредит» командасы, «Көрермен көзайымы» номинациясына Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінен «Бес жұлдыз» командасы.
Олардың ішінде әдемі ойын өрнегін көрсетіп, астарлы әзілімен көзге түскен Мәдениет колледжінің «Мәдениетті жігіттер» командасы жеңімпаз боп атанды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.