Күнделікті өмірімізде әлеуметтік-тұрмыстық жағдайда кездесіп жататын келеңсіз оқиғалар аз емес. Дана халқымыз солардың ішінен өрт пен суды «тілсіз жау» деп тегін атамаған сияқты. Расында да бұдан келетін апаттарға тойтарыс беріп, тосқауыл қою да оңай болып жатқан жоқ. Дегенмен, осы бағытта болып жатқан жайсыздықтарға «басқа түскен баспақшыл» деген тәуекелмен қарсы әрекет жасап жатқан халық бірлігіне қайран қалмай қоймайсыз.
Жақында Іргелі ауылдық округіне қарасты Кемертоған ауылында қас қараярдың алдындағы апақ-сапақ уақытта аяқ астынан дүрлігу басталды. Халық алыстан-ақ көзге шалынған алапат өртке қарай ағылды. Тегін емес екен. Ауыл ішіндегі адамдар жалға алып отырған жатақхананы өрт шалыпты. Мұнда бала-шағалы 9 отбасы тұрады екен. Олардың алдының 5 баласы болса, артының 4-тен, 3-тен, 2-ден балалары бар көрінеді. Демек, бәрінің де бауырларына басқан балалары бар. Не деген өзекті өртер өкініш десеңізші. Осында тұратын отбасылардың өздеріне қажетті дүние-мүліктерінің бәрі де үйлерінің ішінде өрттің құрсауында қалып, лапылдап жанып жатыр.
Ә, дегеннен-ақ өрттің екпіні қатты келген. Ештеңеден бейхабар болып отырған отбасылар тосыннан келген қауіптен ес таппай, одан қорғанудың амалымен алды-арттарына қарамай, үйлерінен қашып шықан. Үстеріне киіп шығар киімдеріне де үлгермеген. Мынандай ақ қар, көк мұзда жұқа киімдегі балаларға қайдан оңай болсын. Тіс-тістеріне тимей дірдек қағып, ата-аналарының жетегінде жәудіреп қалғандары халықтың қабырғасын қайыстырып жіберді. Оларға жанашырлықпен қараған халық қақайып қарап тұрсын ба? Жалма-жан үстеріндегі киімдерін шешіп беріп, олардың тоңып қалмауының қамына да кірісіп кетті. Жабырқаған жандарға араша түсіп, қолдарынан келгенше көмектерін көрсетіп жатты.
Осылайша қиындықтың қыспағында қалғандарға қол ұшын беруге асыққандар да баршылық екен. Әсіресе, Іргелі ауылдық әкімінің орынбасары Өміржан Әбсаматов бастаған белсенділер тобы қатерлі қауіпке білек сыбана кірісіп, шама-шарқыларына қарай қалың қауымды жұдырықтай жұмылдыра білді. Бұл орайда Динара Жұбандықова, Ғалима Күзембаева бастаған көптеген қоғам белсенділері жапа шегіп отырғандарға жақсылық жасау жолында азаматтық ар-ождандарымен атсалысты деп айтуға әбден тұрарлық.
Осы жерде төтенше жағдайға байланысты арнайы штаб құрылғанын да бас айта кеткен жөн. Ондағы комиссия мүшелерінің құрамы Іргелі ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Егінбек Егеубеков және осы ардагерлер ұйымына қарасты үш ауылдың төрағалары Қалиахмет Көшкенбаев, Қален Мусаев, Тәжмұрат Пазыл. Сол сияқты төрт ауылдық мешіттің имамдары Жанәбіл Жұмабеков,, Ерсін Қалдыбай, Нұрислам Жақсымбеттер болуын қалың қауым бірауыздан қолдап, қуаттады. Штаб төрағасы болып Егінбек Ерубеков сайланды.
– Лапылдаған өрттің жалынында қалған 9 отбасыны қиындықтың қыспағынан алып шығудағы халықтың ынтымағы мен бірлігіне, ұймшылдығына кім болса да қатты риза болды. Халықтың мейірімі мен пейілі әлі сол қалпында екен. Бұл ортақ мақсаттан төрт ауылдың тұрғындары да шет қалмады. Ортақ үлестерін қосты деп толық айтуға болады, – деп штаб төрағасы Егінбек Ерубеков қамыққан отбасыларға жасалып жатқан қамқорлық атаулыны бастан-аяқ баяндап берді.
Иә. бәрі де штаб төрағасының айтқанындай-ақ екен. «Көп түкірсе – көл» деген халық қағидасына көзіміз айқын жете түсті. 9 отбасыға үлкен ауыл болып саналатын Кемертоған жұртшылығының 90 пайызы көмектерін көрсетуге атсалысыпты. Отбасылардың әрқайсысына 120 мың теңгеден ақша беріліпті. Жайлы жерлерге орналастырылыпты. Сол сияқты оларға ақшадан бөлек азық-түлік, киім-кешек, кілемдер мен көрпе-жастық,төсеніштер, ыдыс-аяқтар тең бөлініп берілген. Жоғарыда аттары аталып кеткен төрт имам 10 мектеп оқушысына бастан-аяқ жаңа киімдер алып беріп, оқу құралдарымен де толық қамтамасыз еткен. Ал, Кемертоған орта мектебінің ұстаздар ұжымы 5 баласы бар екі отбасыға 460 мың теңге ақшаға көмектескен.
Тауқымет тартқан отбасыларға халық тарапынан жәрдем жасау әлі толастаған жоқ. Тұрмыстық дүниелермен, киім-кешекпен, азық-түлікпен, ақшалай қаражатпен қамтамасыз ету әлі жүріп жатыр. Оның бәрі де штабтың қатаң бақылауында. Түсіп жатқан дүниелер әділдік тұрғысынан үлестіріліп берілуде. Халықтың мұндай қамқорлығына жапа шегіп отырған отбасылар дән риза. Олардың айтып жатқан ақ ниетті алғыстары шексіз.
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Алматы облысының Құрметті азаматы.