14 сәуірде Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің жаңартылған құрамының алғашқы отырысы өткізіліп,оны аудандық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Айнабеков ашты.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз елімізде азаматтық белсенділікті жандандыруымыз керек. Мемлекет пен қоғамның сапалы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашуымыз қажет. Сол себепті орталық және жергілікті органдардың,квазимемлекеттік сектордың жанындағы қоғамдық кеңестерді дамытып жатырмыз. Мен бірнеше рет олардың қызметіне қатысты сын айтқан болатынмын. Дегенмен, бұл кеңестердің орасан зор институционалдық әлеуеті бар. Соны толығымен жүзеге асыру керек.Биыл менің бастамам бойынша осы кеңестердің құрамы және жұмыс жоспары түбегейлі жаңаратын болады» деп атап көрсеткені белгілі, – деді Бауыржан Бақтыбайұлы. – Сондықтан біздің аудандық кеңес те өз жұмысын осы талаптарға сай атқаруы тиіс. Тағы бір атап айтарым, өздеріңізге белгілі,Қоғамдық кеңестер жұмысының басты мақсаты әлеуметтік маңызды мәселелер бойынша азаматтық қоғамның ой-пікірін білдіруі,ортаға салуы болып табылады, осыны дұрыс түсіне білейік.
Алдымен отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе қаралып,Қарасай аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы болып «Жетісу» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы, ауданға танымал азамат Исағұлов Жанат Молдағұлұлы сайланды.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Айнабеков және кеңес мүшелері бұрынғы төраға Сағат Мәсімақыновқа жақсы қызметі үшін алғыстарын айтып, жаңа төрағаның жұмысына сәттілік тіледі. Өз кезегінде Жанат Молдағұлұлы көрсетілген осындай үлкен сенім үшін ризашылығын білдіріп,оны ақтау үшін бар күш-жігерін жұмсап қызмет істейтінін айтты.
Сонымен қатар, отырыста Қоғамдық кеңестің қызмет бағыттары бойынша комиссиялар құрылып,төралқасының құрамы сайланды.Сондай-ақ, Қоғамдық кеңес туралы ереже бекітіліп, 2022 жылға арналған жұмыс жоспары қалыптастырылды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.