Биыл Алматы облысына – 90 жыл. Осыған орай, өткен аптаның жұма күні Береке ауылындағы Мәдениет үйінде аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Жер жәнатты – Жетісу» атты әдістемелік-тәжірибелік конференциясы өтті.
Жетісу өңірінің құрылуынан осы күнге дейінгі даму кезеңі тізбектелген шараға ұйымдастырушы бөлімнің басшысы Күлжан Дүйсенова, Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Махатов, аудандағы музейлердің өкілдері, жастар қатысты. Алқалы жиында ғасырға жуық тарихы бар облыстың бүгіні мен өткенін саралап, тарихи орталықтардың қызметкерлері баяндама жасады. Алдымен сөз тізгінін алған «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының аға ғылыми қызметкері, PhD доктор Алмапыс Абу «Тарихы терең, жаңарған Жетісу» тақырыбы аясында сонау ежелгі үйсін мен сақ, ғүн мен түркі заманынан бері осы өңірді мекендеген халқымыз нені көріп, нені бастан кешіргені жайлы толығымен айтып берді. Алатау мен Алакөлге дейінгі ұлан-байтақ ырысты өлке, түгін тартса майы шығатын құнарлы алқап, Ойжайлау мен Белжайлау, Шалкөде мен Мыңжылқы, айдынды Алакөл мен суы шипа Балқаш, жақұттай Көлсай мен табиғаттың тамаша тартуы саналатын Тамшыбұлақ, Бесшатыр мен Ақтау, Айғайқұм мен бітімі бөлек Шарын шатқалы, Алтын Емел, айта берсек, таусылмайтын, көрген жанның көзін қызықтыратын қазақтың сұлу өлкесі бағзы заманнан бергі атақонысымыз болғандығын тілге тиек етіп, көпшілік біле бермейтін тарихи тың деректермен бөлісті. Одан кейін сахнаға көтерілген Шамалған Мәдениет үйінің директоры Шәрбану Қалиева аудандағы мәдени шаралар жайында толықтай ақпарат берді. «Батыр бабалар» мемориалды музейінің ғылыми қызметкері Қыдыр Нұрғожа қазақ халықының жау жүрек батырларының ерлік дастандарынан сыр шертсе, «Анаға құрмет» музейінің меңгерушісі Аршагүл Тойбаева конференцияға қатысушыларды жетістікке жетіп, елеулі еңбектерімен танылған Жетісудің жеті қызымен таныстырды. Ала, аудандық бұқаралық, спорттық іс-шараларды өткізу орталығының директоры Қуаныш Ахметжанов, Береке ауылдық кітапхана меңгерушісі Жәмила Қарқынбаева, аудандық «Жастар» ресурстық орталығының белсендісі Гүлнар Тұрсынханова өз салаларындағы атқарған жұмыстары бойынша баяндама оқыды.
Сонымен қатар, тарихи орталықтардың қызметкерлері ауыл халқына жәдігерлерді тауып алса аудандағы мекемелерде әкеліп тапсыруға шақырды.
Ерекше жетістіктерімен еліміздің экономикасын өркендетіп, ғылым мен білімін жетілдіріп, басқа салалардағы табыстарымен де ерекшеленіп келе жатқан облыстың тоқсан жылда жеткен биігі әлі де зерделеніп, талай жаңалық жұртқа жетіп, талай азаматтың болмысы айқындалатыны анық. Алайда тіршілік болған жерде түрлі мәселелердің туындауы заңдылық. Сондықтан баяндамышылар тек қана өңірдің даму тарихына тоқталып қоймай, облыстағы бірқатар салалардың дамуына арналған өзіндік ұсыныстарын білдірді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.