Елбасының тапсырмасына сай, бірнеше жылдан бері республика көлемінде пошта байланысына жақсы көңіл бөлініп, аймақтардағы бөлімшелері жаңартылып келеді. Оның бір дәлелі ретінде былтыр ғана аудан орталығындағы пошта торабы ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, барлық жағдай жасалғанын да айта кеткен жөн. Ал, алдыңғы күні ауданымыздың екібірдей округінде жаңа байланыс бөлімшелері өз есігін ауыл тұрғындарына айқара ашты. Атап айтқанда, Райымбек ауылындағы және Шамалған бекетіндегі жергілікті халықтың қуанышына «Қазпошта» АҚ облыстық филиа-лының директоры Мұхит Кәрібаев арнайы келіп, көпшілікке жақсы тілегін жеткізді.
Өз сөзінде ол барлық жағдай қарастырылған бұл бөлімшелерде тиісті төлем, аударым түрлері түгелдей көрсетілетінін, қызмет сапасы да арта түсетінін жеткізіп, барлық жұмыс ел игілігі үшін жасалып жатқандығын алға тартты. Сонымен қатар, аудандық пошта торабының басшысы Ұлықбек Қапалбеков пен «Нұр Отан» партиясы Қарасай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ықылас Амалбек те ортаға шығып, барлық игіліктің бастауы Президентіміздің ел дамуы үшін алға қойған мақсат-мұраттары екенін әңгімеледі.
Ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, есік алдына керілген лентаны құрметті қонақтар мен үлкендер жағы бірлесе қиған соң, әжелер ырымдап тәттіден шашу шашты. Сосын барлық жиналғандар жаңа ғимарат ішіне кіріп, аралап көрді. Мұнда шынымен де келушілер үшін де, қызметкерлер үшін де барлық қолайлылықтар қарастырылған екен. Операциялық залдары кең, пошташылардың жеке бөлмесі де бар. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандустар да ескерусіз қалмаған.
Өз кезектерінде риза болған екі елді мекеннің де тұрғындары облыс басшылығымен қатар, Райымбек және Жаңашамалған округінің әкімдері Айдын Әуесбай мен Ғалия Амановаға да ерекше ілтипат білдіріп жатты. Олардың халық тілегіне бей-жай қарамай, осы пошта бөлімшелерін тұрғызуға айтарлықтай атсалысып, қолдарынан келгенше істің басы-қасында жүріп, қолданысқа берілуіне себепкер болғандарын тілге тиек етіп, ризашылықтарын білдірді.
Осылайша, биылғы Дүниежүзілік пошта қызметкерлерінің күні аталған ауыл тұрғындары үшін жағымды жаңалығымен есте қалатын болды.
КлараКӨПБАЕВА.