Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнайтын жыл сайынғы Жолдауы көптеген жаңалықпен, ерекше тапсырыстармен елді елең еткізетіні анық. Биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын да көпшілік тапжылмай отырып көрді. Біздің департамент қызметкерлері де ондағы айтылған міндеттер мен мақсаттардың орындалу жолын өзара талқылауға кірісіп те кетті десем, артық айтқандық емес.
Биылғы Жолдау барлық салалардың жұмысын жандандыру мен белсендіруге қатысты болғанымен әр салаға бөлек-бөлек тоқталып, ондағы кезек күттірмейтін мәселелерді шешудің жолдарын көрсетіп берді. Сондықтан да болар, қазіргідей жаһандық талаптар мен шарттар ұлғайған кезеңде өзін халықтың дамуына, әл-ауқатының артуына басыбайлы беретін, сол жолда туралықтан таймай, адал әрі әділ қызмет ететін мемлекеттік қызметші керек екендігі белгілі. Осыған орай Елбасы: «Кез келген реформаларды іске асыру барысында өзінің барлық іс-қимылын халықтың әл-ауқатын арттыруға арнайтын жинақы әрі тиімді мемлекеттік аппарат маңызды рөл атқаратын болады» – деп мемлекеттік аппарат жасақтаудың тиімділігін ұғындырды. Соған орай биыл қолға алынған ведомстволық бағынысты ұйымдарды оңтайландыру бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижелі болғандығын Агенттік басшысы Алик Шпекбаевтан сұрай отырып, нақтылаған Нұрсұлтан Әбішұлы 4 органдағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 2-2,5 есеге өскенін, мысалы, сол арқылы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне қарасты органдарда жұмыс істеуге деген қызығушы-лықтың күрт артқанын күллі Қазақстанға паш етті. Шыны керек, мұндай қолдаудың негізінде мемлекеттік қызметшілердің бет-бейнесін қалыптастыру міндеті жатқанын түсіну аса қиын болмас.
Елбасының биылғы «Қазақстан-дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауының аты айтып тұрғандай халықтың әл-ауқатының артуына негізделіп, «Сапа» жаңа формациясы жұмыс істейтінін, мемлекеттік бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, халықтың игілігіне жұмсау керектігін, сыбайлас жемқорлықпен күрес шаралары күшейтіліп, мемлекеттік қызметтер толықтай электронды форматқа көшірілетіні, Үкімет пен барлық мемлекеттік органдардың жұмысындағы формализм мен бюрократтықты түп-тамырымен жою қажеттігі айтылып, Президент Әкімшілігінде Ұлттық жаңғыру офисін құру тапсырылды. Бұл тұрғындар арасында өзекті мәселелер жөнінде тұрақты түрде сауалнама жүргізіп, халықтың ойын білуді қамтамасыз етеді. Нәтижелерді тікелей Мемлекет басшысына хабарлап отыруы тиіс офис жұмысының тиімділігі арта түседі деп сенемін.
Серікбай НҰРҒИСАЕВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігінің Алматы
облысы бойынша департаментінің басшысы.