Қырғауылды ауылында тұратын соғыс ардагері Керімтаев Иса атаның биылғы 1 қаңтарда жүз жасқа толғаны туралы бұрын өзіміздің газетімізде жазғанбыз.
1942 жылы қолына қару алып, ел мен жерді жаудан қорғауға аттанған жас жігіт талай жорық жолдарынан өтіп, оның керзі етігінің ізі Украина мен Белоруссия жерінде, Минск, Гродно, Вильнюс, Каунас қалаларының көшесінде қалды… Үнемі өліммен бетпе-бет келіп, дұшпанға қарсы талай алапат шайқасқа қатысты. Ал, Жеңіс туралы қуанышты хабарды Кенисберг қаласында (қазіргі Калининград) естіпті!
Иә, Ұлы Отан соғысында от кешкен қазіргі қадірлі қарияның сонау ауыр күндердегі сұрапыл айқастардың ортасында жүріп, ерлікпен елін, жерін қорғағаны кейінгілерге өнеге, әсіресе, жас ұрпаққа үлкен үлгі!
Иә, бірнеше жауынгерлік орден мен медальмен марапатталған, бейбіт өмірде де берекелі еңбек етіп құрметке бөленген Иса атамыз қазіргі күнде балалары, немерелері, шөберелерінің ортасында отырып, алда тек бейбітшілік, тыныштық болса екен, деп тілейді.
…Осыдан біраз бұрын бір топ желтоқ-саншылар, атап айт-қанда, облыстық «Қайсар жүрек» ұйымының мүшелері Иса Төлеңгітұлының үйіне арнайы барып, жүз жасымен және Ұлы Жеңіс мерекесімен құт-тықтады, сыйлықтарын тапсырды.
Олардың ішінде «Қайсар жүрек» ұйымының төрағасы Насыр Салмахан мен басқа желтоқсаншылар Жұмажан Айжарықова, Ғалия Әлішева, Розалия Дуанаева болды.
– Осындай елін ерекше сүйетін ержүрек майдангер қарияларға қарап тұрып, олардың рухтарының биіктігіне, пейілдерінің кендігіне, сүйектерінің асылдығына таң қаламыз, сүйсінеміз, – дейді өзі де жалын жүрек жүздеген жастармен бірге 1986 жылдың суығы сүйектен өткен қақаған аязды желтоқсанында әміршіл-әкімшіл, тоталитарлық жүйеге қарсы Алаңға атой салып қаймықпай шыққан Жұмажан. – Олардың ерліктерін ешқашан ұмытпаймыз, әрдайым ардақтаймыз!
Қарт майдангер өзіне құрмет көрсеткен желтоқсаншыларға шын жүректен шыққан аталық алғысын айтып, ақ батасын берді.
Ел-жұртқа, ұрпағына бейбіт өмір тіледі.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.