Қандайда бір ісіңіз дөңгеленіп, қарқынды жұмыс жасауға құлшынысыңыз болса, алдымен оны тұрғындарға толықтай насихаттауыңыз керек. Ал, оны жүзеге асыру үшін жарнаманың күші көп керек-ақ. Алайда, жарнаманың жөні сол екен деп көрінген жерге тақтайшалар мен баннерлерді жалауша етіп жалбырата ілудің қажеті шамалы. Олардың ішінде заңсыз ілінгендерін айтпағанда, салықтан жалтарып отырғандары да баршылық. Тіпті, кейбір маңдайша жазбалары ғимараттарға желімдей жабысып, ажарын ашпайтыны айтпасақ та белгілі. Одан бөлек, ауа райы күрт бұзылуынан сол жарнамасымақтар сынып, талқандалып, қарлы, желді, боранды күндерде адам өміріне, қоғамдық ортаға, көлік жүргізушілерінің назарын аударып, қауіп төндіретінін де ұмытпағанымыз жөн.
Жалпы, бұл айтылғандарды заң шеңберінде тікелей қарайтын болсақ, заң бұзушыларға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-ші бабына сәйкес хаттама жазылады. Нақты айтқанда, Қазақстан Республикасының «Жарнама» туралы Заңының 11-бабында көрсетілген «сыртқы (көрнекі) жарнама» түрлері талапқа сай орнатылып, салық заңнамасына сай төлемақы алынады.
Жақында осы Заң шеңберіндегі құқықбұзушылықтарға байланысты аудан орталығы Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашевтің ықпалымен бірнеше ғимараттардың көркі ретке келтірілді. Оның ішінде сауда үйлері, жалға берілген кеңселер, тамақтану орталықтары және тағы басқа кәсіптік орындар да бар. Қала басшысы солардың ішіндегі көзге ілінгендеріне арнайы бас сұғып, жөнсіз жарнамалардың алынып тасталуын қадағалады. Сондай-ақ, ғимараттың көркін ұсқынсызға айналдырған билборд, сауда баннерлерінің қожайындарына алғаш рет ауызша ескерту жасап, алдағы уақытта жергілікті атқарушы органдардың қатаң бақылауында болатынын айтты.
Дидар МУХАМАДИЕВ.