Мемлекеттің дамуы мен өркендеуінде салық саласының алатын орны ерекше. Сондықтан да, салық салу заңын және мемлекеттік баға тәртібін сақтауды бақылау жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында, Қазақ ССР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы 9 шілдеде «Қазақ ССР Мемлекеттік салық қызметін құру туралы» №380 Жарлығына қол қойды. Осы Жарлық негізінде Қазақ ССР Министрлер кабинетінің 1991 ж., 9 қыркүйектегі №520 «Қазақ ССР-нің Мемлекеттік салық қызметі жұмысының мәселелері» қаулысы негізінде аудандарда мемлекеттік салық инспекциясы құрылды. Салық органдары құрылған күннен бастап бірнеше рет реформаланды. Соңғы реформа Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 14 тамыздағы №933 «Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының ведомстволары туралы» қаулысына сәйкес мемлекеттік салық басқармалары кірістер басқармалары болып қайта құрылды.
Осы жылдар ішінде Мемлекеттік кірістер комитетінде көптеген жұмыстар атқарылды:
– салықтық тексерулерді қысқарту бойынша шаралар қабылданды;
– анықтамалық ақпаратты ұсыну, талдау және қорыту процесі автоматтандырылды;
– жеке кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу үшін алым жойылды;
– мемлекеттік қызметтердің сапасы артты.
Ал, енді биыл 5 жылдығы аталып өтілгелі тұрған мемлекеттік кірістер басқармасының алға қойған негізгі міндеттеріне тоқталсақ, олар:
– мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін, кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің, қоғамның және мемлекеттің заңды құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету;
– салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің толық, уақтылы түсуін қамтамасыз ету;
– бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеудің, ұстау мен аударудың, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды есептеуді толық, уақтылы төлеуді қамтамасыз ету.
1991 жылы жаңадан құрылған Қаскелең ауданы бойынша мемлекеттік салық инспекциясының бірінші басшысы болып Молдашев Бекболат Шораманұлы тағайындалып, 1991-1994 ж.ж. басшылық қызмет атқарды. Кейінгі жылдары басқарманы Дюсембаев Қали Мұкашұлы (1994-2006 ж.ж.), Жолдыбек Айгүл Жолдыбекқызы (2006-2009 ж.ж.), Белесбаев Серік Дәулетұлы (2009-2010 ж.ж.), Нұрғазиев Сағдат Шатанұлы (2010-2014 ж.ж.), Кармандаев Кайрат Сүлейменұлы (2014-2015 ж.ж.), Дильдаев Рахымжан Мырзаханұлы (2015-2018 ж.ж.), Сауданбеков Айдын Тұрғанбекұлы (07. 2018-06.2019 ж.ж.) басқарды. Ал, 2019 жылдың маусым айынан бүгінгі күнге дейін басқарманы Жолдыбек Айгүл Жолдыбекқызы басқарып келеді.
Құрамында 18 адаммен жұмысын бастаған басқарма бүгінгі таңда 9 бөлімдегі 62 маманмен салық төлеушлірге қызмет көрсетіп келеді.
Мемлекеттік кірістер басқармасының құрылғанына биыл 5 жыл толып отыр. Мерейтойдың құрметіне орай, қаржы және салық жүйесінің дамуына 25 жылдан аса ерен еңбектерімен үлес қосқан жандардың есімдерін атап өтуге болады. Олардың арасында Нұржүнісова Төлеу Нұржүнісқызы, Елемесова Күміс Қашанқызы, Қилыбай Құрманғазы Шопатайұлы, Джунуспекова Гүлсара Исабайқызы, Алдашева Гүлсара Бейсенқызы сынды лайықты қызмет атқарған ардагерлер бар.
Басшылық құрамның ішінен басқарманың қалыптасуына, білікті мамандармен қамтамасыз етілуіне тікелей үлесін қосып, жас мамандарды тәрбиелеп, кәсіби біліктілікке үйреткен азамат-ұстаз ретінде басқарманы 12 жыл тізгіндеген Дюсембаев Қали Мұкашұлының есімін еске аламыз.
Қали Мұқашұлына берілген «Қарасай ауданының құрметті азаматы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл» мерекелік медалі мен «Салық қызметінің үздігі» атағы ауданға, басқармаға берілген құрметті баға деп білеміз.
Қазіргі таңда басқарманың басты міндеттері – салық төлеушілерге көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта көрсетудегі саны мен сапасын, жұмысының ашықтығын арттыру, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықты болдырмау, алдын алуға қол жеткізу.
Бүгінгі күні мемлекеттік қызметтің 93,86 % электрондық, 6,14 % қолжазба форматында көрсетілуде. Осы жылдар ішінде бюджетке түсетін салықтар мен түсімдер айтарлықтай еселеніп өсіп, миллионнан миллиардқа жетті. Мәселен, 1994 жылы бюджетке 288 851,4 теңге, 2018 жылы 47 762 906 мың теңге түсті. Бұл нәтиже Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер басқармалары арасында 1-орыннан көрінуге септігін тигізді.
2019 жылдың салық көрсеткіштері де көңіл қуантарлық жағдайда жүргізілуде. Нақты айтар болсақ, 31 шілдесінде тіркелген мәліметке сүйенсек, бекітілген мемлекеттік болжам бойынша 35 026 397 мың теңге, нақты түскені 37 144 371 мың теңге, орындалуы 106%.
Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда өсім қарқыны 158,2 % жетіп, бюджетке 13 658 623 мың теңге артық түскенін көруге болады, демек, биыл салық болжамы жақсы көрсеткіштермен аяқталады деп айтуға болады.
Бұл жетістіктерін қарасайлық салықшылар мемлекеттік кірістер басқармасының 5 жылдық мерейтойына тартуы деп санайды.
«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» өздеріне жүктелген абыройлы әрі жауапты қызметте сенім биігінен көрініп, толымды табыстарға қол жеткізген ұжымның алар асулары да асқақ болатынына сөз жоқ.
Мерекелеріңіз құтты болсын, әріптестер!
Садық ДӘУЛЕТОВ,
Қарасай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының еңбек ардагері,
Салық қызметінің үздігі.