«Бастау Бизнес» жобасы, «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Жасыл ел» жасақтары, «Ұрпақтар келісімшарты» сынды бағдарламалар біздің ауданда да қолжетімді. Мұндай мүмкіндіктер жайлы қарасайлық жастар біледі ме? Өткен аптаның жұмасында орталық кітапханада кәсіп ашуды жоспарлаған, жұмысқа орналасқысы келген жергілікті қыз-жігіттердің сұрағына арнайы мамандар жауап беріп, аталған бағдарламалардағы өзгерістер жайлы айтты.
Бұл жиынды аудандық Жастар ресустық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова бастамасымен ұйымдастырылды. Жастарға кәсіп дөңгелетуге үлкен мүмкіндік ұсынатын жобалардың бірегейі – «Бастау бизнес». Аталған жобаға кімдер қатыса алады және оның шарттары мен өзгерістеріне қатысты «Атамекен» ҰКП аудандық филиалының кеңесшісі Елена Константинова нақтылы мәлімет берді. Биыл «Бастау Бизнес» жобасының қатысушылары тағы онлайн оқиды. Оқу 2022 жылғы наурыздың соңында басталады деп жоспарланған. Сонымен қатар, аталған бағдарламалардың биылғы жылғы ерекшеліктерінің қатары жастарға берілетін гранттың 200 АӘК-тен 400 АӘК-ке, яғни, 1 225 200 теңгеге көтерілуімен толықты. Қайтарымсыз қаржыны 29 жасқа толмаған жұмыссыз жастарға алуға болады. Ал, биыл «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында бес жас маман жіберілген, «Ұрпақтар келісім шартты» бойынша төрт азамат жұмысқа орналастыру жоспарланды. Бұл жайында аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Абылай Зуайда ақпарат берді. Оның айтуынша, аталған мекемеге 638 жұмыссыз азамат жүгінген. 81 азамат жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алады, 300-і жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу үшін ұсыныстарын білдірді. Сонымен қатар, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бойынша 130 жұмыссыз азаматтарды кәсіби оқыту, қайта даярлау курстарына жіберу жоспарлап отыр.
«Жасыл ел» жасағы бойынша биылғы жылы қарқынды жұмыс жасауға әзірленуде. Еріктілерді негізінен студенттер мен мектеп оқушылары құрайды. Бағдарлама аясында 16 мен 29 жас аралығындағы жастар қабылданады. Бір қуантарлығы «Жасыл ел» жасағының еңбек ақысы бұрын 30 мың теңгені құраса, қазіргі таңда 50 мың теңгеге дейін өскен.
Бұрым ОРЫНБАСАР.