Егемендік алғаннан бергі жылдар ішінде қоғам дамуының барлық саласында түбегейлі өзгерістер болды. Соның ішінде мемлекеттік органдардың тиімді жүйесі мен құрылымы жасалып, басқарудың ұтымды үлгісі іске қосылды. Яғни, ендігі жерде мемлекеттік қызмет көрсету сапасы тиімділігінің басты көрсеткіші тұтынушы ретінде тікелей халыққа арналуы тиіс. Егер қызмет сапасымен қанағат тұтпайтыны, шағымдар болатынына байланысты, өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында заңда көрсетілгендей кез-келген азамат шағым түсіре алады. Осы негізде өткен аптаның жұма күні аудандық әкімдіктің мәжіліс залында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің бас маманы Диас Байзақов пен аудан бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі аға прокурор Ардақ Карбозова аймақтағы мемлекеттік қызметшілермен кездесу өткізді.
Жиынға бөлім басшылары, қала және ауылдық округтердің әкімдері, сонымен қатар, көтерілген сұрақтарға жауапты мамандар қатысты. Басқосуды төраға ретінде аудан әкімі аппаратының басшысы Айдын Әуесбай жүргізіп отырды. Оның барысында мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын ішкі мемлекеттік бақылауда туындайтын мәселелер, оларды шешу жолдары және аталған бағытты дамыту мәселелері көтерілді.
Мемлекеттік кадр саясатын қалыптастыру, халықтың мемлекеттік қызмет түрлеріне қолжетімділігін арттыру бағытында игі бастамалар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда заман талабына сай аталмыш жүйені жетілдіру қажеттілігі туындап отыр. Себебі кейбір жергілікті атқарушы органдардың мамандары өз деңгейінде қызмет көрсете алмағандықтан, оларға жекелей немесе заңды тұлғалардың атынан арыз-шағымдар түсіп жатады. Міне, осындай олқылықтарды алдағы уақытта орын алдырмау және мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру тақырыптыры аясында жиынның спикерлері баяндамаларын оқып, қойылған сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, олар алдағы жылдары электронды үкіметті дамыту, халықтың компьютерлік сауаттылығын көтеру, халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін жақсарту, сол арқылы мемлекеттік қызмет сапасын арттыру сынды бірқатар жұмыстар тұрғаны жөнінде әңгімеледі. Жиынның соңы ендігі кезекте тағы бір кездесудің жоспарлануымен аяқталды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.