Таяуда өткен Парламенті Мәжілісінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыруға байланысты бірқатар мәселелермен қоса еліміздегі жұмыссыздық деңгейін қысқарту керектігін атап өтіп, Үкіметке бұл мәселені шешуді тапсырған болатын. Президенттің тапсырмасына сәйкес, өткен аптаның бейсенбісі күні аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында бос орындар жәрмеңкесін өткізді.
Орталық кітапхананың ғимаратында өткен шараға аудандық Жастар ресурстық орталығының белсенді жастары, аудандық пробация қызметінде есепте тұрған азаматтар мен жұмыс іздеуші қарасайлықтар, жалпы 150-ге жуық адам қатысты. Оның барысында игі бастамаға қатысқан аудан аумағында орналасқан «Азия агрофуд», «Almaty Turmystyq Tehnika Zavody», «Карьер Ақсай», «Kelun-Kazpharm» ЖШС сияқты 16 жұмыс беруші кәсіпорын мен бірқатар мекемелерден 230 бос жұмыс орындары ұсынылды. Әсіресе, Пост-Микс аппараттарына қызмет көрсету жөніндегі механиктер, тоңазытқыштарды жөндеу жөніндегі техниктер, өндірістік желі операторлары, токарлар, автотиегіш машинаның жүргізушілері, супервайзерлер, инженер-электроншылар, сантехник сияқты мамандықтарына сұраныстар болды.
Жәрмеңкеге келген қарасайлықтар мекеме өкілдерімен еркін сұхбат құрып, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап пен кеңестер алып, түйіндемелерін тапсырды.
Шара қорытындысы бойынша 150 жұмыс іздеушілердің 70-ке жуығы жұмысқа орналасу үшін жолдама алды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.