«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қанатты сөз «Жетісу» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі мүшелерінің тіршіліктегі айнымас қағидасына айналғалы ширек ғасырға беттеген. Ерінбей еткен еңбегімен еленіп, жетістіктің желкенін көтеріп жүрген бұл ұжым Елбасының Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру аясында шаруалардың экономикалық бірлестіктерін бекемдеп, бір кооперация астына топтастырудың ұтымдылығын айғақтауға айнымас мысал бола алады.
Жақында Елтай ауылында орналасқан бұл ауылшаруашылық еңбеккерлері одағының кеңсесіне бас сұғып, төрағасы Исағұлов Жанат Молдақұлұлымен әңгіме барысында көптеген игілікті істердің қарқынын біліп, толайым табыстың қыр-сырына қанығып қайтудың сәті түсті.
Тәуелсіздік тізгіні қолымызға тиіп, тоқырау кезеңін бастан өткерген кездер тарих тарауларынан белгілі. Колхоз-совхоздар тарап, шаруалар өз күндерін өздері көрмекке жан-жаққа ыдырап кетті. Міне, сол тұста, анығын айтқанда, 1996 жылы Жанат Молдақұлұлы еңбеккерлерді ынтымақ пен бірлікке шақырып, енді егемен елдің экономикасын көтеру жолында бір жағадан бас бір жеңнен қол шығаруға шақырған. Міне, сол уақытта-ақ осы «Жетісу» АӨК-нің негізі қаланған.
Бүгінде мұнда 103 шаруа қожалығы күш біріктірген. Асыраушы саланың «жілігін шағып, майын ішкен» мамандар ешбір жұмыстан қайтпай, табан ақы, маңдай термен қара жерден ақ нанын адал тауып жегенді абырой көретін, атакәсіптің қасиетін бірікісідей түсінетін жандар иық тірестірген бірлестіктік иелігінде қызу еңбек қайнап тұр.
Коператив меншігінде бүгінде мемлекеттен 49 жылға жалға алынған 3 337 га жер болса, оның 908-і суармалы. 1 000 га аумақ жайылымға арналған. 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, науқан кезінде олардың саны жүзден асып жығылады.
Іскер басшы, сонымен қатар, білікті агроном болғандықтан, өзі ден қойған саладағы жаңалықтар мен жаңашылдықтарды үнемі назарда ұстап, уақыт ағымымен қатар жүргенді қалайды. Сол себепті, ұтымды деген тұстарды тәжірибеден өткізіп, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Бар саналы ғұмырын асыраушы салаға арнаған азаматтың қай талпынысы да өз нәтижесін беріп жатқандығы да сондықтан.
Дәнді және майлы дақылдардың түр-түрін өсіретін шаруашылық 2000 жылдан бастап «элита» сортын баптауға көшкен. Алмалыбақ ауылындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары ұсынған тұқымның артықшылығы сапасында және беретін өнімінің өзгелерден бірнеше есе көптігінде болса керек. Артық шығынсыз жүзеге асатын нөлдік технология арқылы жұмыс істейтін шаруалар жыл сайын дәнді дақылдардың гектарынан 15 центнерден, ал майлы дақылдардың гектарынан жеті центнерден кем алмайтын көрінеді. Биылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 412 га жерге егілген сафлорды, 700 га аумаққа салынған күздік бидайды, 512 га-ға себілген арпаны уақытында шауып, жинап, жеке қожалықтарға тиімді бағамен сатып та үлгерген.
Кооперативте мал шаруашылығы да жөнге қойылған. Айта кетсек, иелікте 165 ірі қара малы бар. Бұрыннан бері жұмысын жүргізіп келе жатқан сүт фермасындағы 65 сиыр беретін өнім бірден танымал «Фудмастер» зауытына жөнелтіледі. 200 ұсақ тұяқтының да бабы қарастырылған.
Былтырдан бастап «Жетісу» АӨК 1 000 басқа арналған бордақылау алаңының құрылысын бастаған болатын. Биылғы мамырда нысан мердігер мекемеден қабылдап алынып, жақын арада іске қосылмақ. Яғни, қарашаның соңында 350 ірі қара малы әкелініп, байланбақшы.
Нақты айтқанда, ауылшаруашылығын қолдау мақсатында «ҚазАгроФинанс» АҚ-нан бөлінген 377 млн теңгеден астам қаражат бүгінде кооперативтің жұмысына жаңа қарқын беріп, жарқын жоспарларына жан бітіруде. Олай дейтініміз, оның 103 млн теңгесіне техникалар жаңартылса, 252 млн кешеннің құрылысына жұмсалған. Ендігі 70 млн теңге бордақылау алаңын малға толтыруға есептелініп отыр.
Ал кешен жайлы айтар болсақ, оның жалпы аумағы 20,8 га-ны құрайды. Барлық жағдай қарастырылған. Заманауи үлгідегі кеңсе, 60 тонналық өлшеу орны, жем қоймасы, ветеринарлық қосын бар. Қазірдің өзінде 6 000 тонна шөп пен 400 тонна жем мал азығы ретінде әзірленіп қойылған. Тіпті, Алматы облысы бойынша теңдесі жоқ бұл алаңның жобасы жан-жақты талқылаудан өтіп, арнайы мамандармен келісіліп салынған екен. Ерекшелігі – жеткізілген мал алдымен арнайы тексерулер үшін ветеринарлық қосыннан өлшеніп, қаны алынып, карантиндік аумаққа жіберіледі. Мұнда ол бір айдай бақылауда болмақ. Жалпы алаң өзгелер сияқты қора ретінде салынбаған. Мұндағы ескерілген мәселе – ірі қара қыста салқын жерде тұрса жаураған сайын жем-шөпті көбірек жеп, семіре береді. Ал салқын күнде олардың ішетін суы құрылғылардың көмегі арқылы жылытылып беріледі. Негізінен 150-200 келі салмағы бар бұқаларды әкеліп, алты ай байлап, 400-500 келіге дейін семіртіп, етін халыққа тиімді бағамен ұсыну көзделген бұл жоба айтарлықтай үлкен бизнес деп айтуға қиын. Бірақ, болашақтағы жақсы жоспарлар жүзеге асса, шынымен оның ауқымы кеңейіп, көптеген адам жұмыспен қамтылуы ғажап емес. Осы мақсатта дәл осы аумаққа 2018 жылы 20,5 млн теңгеге мал соятын, етін өңдейтін цех салуға инвесторлармен келісімшарт жасалған бүгінде.
Бізбен әңгімесінде Жанат Молдақұлұлы мұның барлығына мемлекеттің қолдауының арқасында қол жеткізіп отырғандығын сөз етті. Яғни, бұл ілгерілеушіліктер мен жетістіктер кооперацияларды дамытуға арналған заңдар мен бағдарламадардың жемісі. Сондықтан, ауызбіршіліктің арқасында алынбайтын қамал болмайтынын тілге тиек еткен білікті басшы ұжымшарларды біріктірудің артықшылығын да санамалап берді.
– Біріншіден, кооперативтер өндірілген өнімді тиімді сата алады. Екіншіден, мемлекеттік қолдауға жол ашылады, қажетті құрал-жабдықтар алу мүмкіндігі бар. Үшіншіден, кооперативтер материалдық-техникалық құралдармен, яғни, жанар-жағармаймен, тыңайтқышпен, тұқыммен, мал азығымен, тағы басқаларымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, 70 % жеңілдіктегі арнаулы салық режимі бар. Төртіншіден, прогрессивті агротехниканы пайдаланып, өнімді тұрғылықты жерде делдалсыз өткізу мүмкіндігі туады. Ең бастысы, кооперативтің әрбір мүшесі де, сондай-ақ, тұтастай кооператив те жеңілдік пайызымен несие ала алады. Сондықтан, мемлекет тарапынан беріліп отырған мұндай мүмкіндіктен шаруалар құр қалмай күш біріктіргені жөн, – дейді «Жетісу» АӨК-нің төрағасы.
Клара КӨПБАЕВА.
Суреттерді түсірген Ерлан Әлиасқаров.