Қазақ өнерінде өзіндік орны бар «Шаншар», «Алдараспан» театрлары арқылы халық арасында кеңінен танымалдыққа ие болған актриса Жұлдызай Дүйсембиева еліміздегі тұңғыш республикалық балалар театрын аудан орталығы Қаскелең қаласында ашқанын көпшілік жақсы біле бермейді. Абылайхан көшесінің бойындағы «Нурулла» ғимаратында орналасқан «Жұлдызай жұлдыздары» 5 пен 18 жас аралығындағы балаларға арналған. Биылғы жылы ашылғанына бір жыл толғанын атап өтетін өнер ордасында бүгінгі күні 70-тен астам шәкірт тәрбиеленуде. Бір айта кетерлігі, олардың барлығы қаскелеңдіктер ғана емес. Актерлік шеберлікке машықтанғысы келетін жасөспірімдер, тіпті, Алматыдан, Талғар, Есіктен де қатынайды екен. Осы көктемде Жұлдызай Шымкент қаласынан орталықтың филиалын ашты. Қазіргі кезде, оңтүстік өңірдегі бұл бөлімнің өзінде отызға жуық қатысушы бар көрінеді.
Қолға алған бұл бастамасына зор жауапкершілікпен қарап, қазіргі таңда негізінен пайда үшін емес, өскелең ұрпақтың өнерге деген алғашқы қадамдарын қатайтуға талпынып отырған актриса шәкірттерінің ой-өрісін дамытуды да назардан тыс қалдырмайды. Осы мақсатта сахнада қойылатын қойылымға сценарий жазу байқауын ұйымдастырып, ынталандыру үшін жеңімпазға 100 мың теңге сертификат та тағайындапты. Аталған жүлдені жеңіп алып, мерейі өсіп жүрген оқушылары да жоқ емес.
Қуантарлығы, енді ғана құрылып, тәй-тәй басып келе жатқан өнер ордасында тәрбиеленіп жатса да, Дүйсембиеваның шәкірттері Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында Т.Минуллиннің «Дильяфрузға төрт күйеу» атты татар спектаклінде ойнап, қиелі шаңырақтың сахнасына да шығып үлгерген. Осы арқылы, Жұлдызай балалардың әртістік қабілеттері мен қызығушылықтарын арттыра түспекші. Бұл мақсатта ара-тұра танымал өнер тарландарының келіп шеберлік сыныбын өткізетінін де айта кеткен орынды. Сонымен қатар, олар бір ғана жанрды қанағат тұтпай, әзіл әлемінде де өздерін байқап, көңілді тапқырлар клубының сайысы «Жайдарманға» шығып, студенттер арасындағы байқауда да бақ сынаған. Құрылтайшының айтуынша, бұл тек бастамасы ғана. Әрі қарай жоспарға алынған жарыстар мен жарқырап елге танылар кез әлі алда! Ал, тетрды неліктен Қарасай ауданынан ашқанын сұрағанымызда актриса:
– Осы істі алып шаһар Алматыда бастап, кілең ауқатты адамдардың балаларын жинап алып, шалқып отыра беруіме де болатын еді негізі. Алайда, мен де ауылда, театры жоқ жерде өсіп шыққанмын. Тиісті көңіл бөлінбесе, мүмкіндік берілмесе бойында қандай да дарыны бар балдырғандардың сол кеудесіндегі отын, маңдайдағы бағын жаға алмай қалуы бек мүмкін. Сол себепті, аз да болса шалғай ауылдардағы адамдарға ыңғайлы жерді таңдадым. Қазір, шынын айтқанда, мен осы жұмысымнан айтарлықтай бір пайда көріп, асып-тасып жатқан жоқпын. Керісінше, жинақталған қаражат болса соны балалардың өзіне салып, олардың ынтасын арттыруға жұмсап жатырмын. Мен барлығын өзімнің еңбегім деп кеуде қағудан да аулақпын. Осы орталықтың барлық жүгін Жекебаев Жеңісбек атты орталықтың директоры арқалап келеді. Өзім аптасына үш рет келіп дәріс беріп кетемін. Басты мақсатым бар білгенімді осы өскелең ұрпаққа үйретіп, олардың өнер әлемінде жарқырай түсуіне жол ашу… – деп жауап берді.
Қорыта айтқанда, әлі талай үлкен жетістікке қол жеткізіп, биіктерді бағындыруға бет алған Жұлдызайдың кішкентай «жұлдыздары» жайнай түсер кез алда…
Ұлан ЕРБОЛАТҰЛЫ.