Жақында ғана Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Айбын» әскери-патриоттық спорттық ойында Санжар Жандосов атындағы кәсіптік-техникалық колледжінің алғашқы әскери пәнінің мұғалімі Юсуп Альжановтың командасы жүлделі бірінші орынға ие болған еді. Ережеге сәйкес, жеңімпаз атанған топ облыстық бәйгеде бақ сынасуға жолдама алған болатын. Ал, енді таяуда ғана Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Жастар ресурстық орталығының бастауымен Кербулақ ауданында «Айбын» әскери-патриоттық спорттық ойыны өтті.
Бұл шараға өңіріміздің барлық аудандарынан командалар жиналып, бақ сынады. Онда қатысушылар екі күн бойы қызметте жүрген әскерилердің өмірін көріп, нағыз сарбаздардың тәртібімен танысты. Атап айтар болсақ, саптық дайындық, оқу-жаттығу, ерлік сабақтары мен әскерилендірілген эстафеталар барысында жастар өздерін жақсы қырынан көрсетті. Ал, ауданымыздың намысын қорғаған Юсуп Сариұлының командасы үздік бестіктің қатарына кіріп, жемісті жеңіске жетті. Жүлдегер командаларды ойын соңында Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Қаратас, Жастар ресурстық орталығының директоры Жайық Тазабекұлы мен Сарыөзек гарнизонының бастығы, подполковник Е.Ембергенов өз Алғыс хаттарын табыстады.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.