Өткен аптаның жұма күнінде орталық кітапханада аудандық «Қазақ тілі» қоғамының алқа мәжілісі өткізіліп, онда 2018 жылы атқарылған жұмыстар туралы кеңінен әңгіме болды. Бұл жөнінде алдымен аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы баяндама жасады.
Жалпы, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына 28 жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде қоғам ауданда мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін көтеру, қолданылу аясын кеңейту жолында талмай қызмет етіп келеді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «…Қазақстан халқын біріктіретін қуатты құрал – біздің мемлекеттік тіліміз» деп атап айтқаны белгілі. Қазір ауданда 53 мектеп бар болса, оның 38-і қазақ мектебі де 15-і аралас мектеп. Қоғамымыз жыл сайын жоғарғы орындарға 10 қазақ мектебін ашу туралы ұсыныс жасап жүр. Себебі, халқымыздың болашағы жас ұрпақ екенін жете түсінбейтін кейбір қандастар балаларының тілін орысша шығарып, орысша оқытып, орысша тәрбиелеуде.
Кейбір қандастар Елбасымыз ұсынған «Тілдердің үш тұғырлылығы» мәдени жобасынын мән-манызын да дұрыс түсінбейді. Әрине, қазақ баласы ана тілімен қатар, халықаралық орыс тілін де, техника мен экономика тілі – ағылшын тілін де білгені жөн, оған ешкімнің таласы жоқ. Алайда, баланың тілі қазақша шығып, қазақша ойлайтын дәрежеге жеткенше тек қазақша оқуы керек. Сонда ғана ана тілін, Отанын, елін, жерін сүйетін нағыз қазақ азаматы өсіп шығады.
Аудандық «Қазақ тілі» қоғамы өз жоспарына сай, мектептердегі оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәндерінен білім сапасының өсу деңгейін байқау үшін Белинский мектебінде болып, 11 «а», 11 «в» сыныбы оқушыларына 24 сұрақ берген еді. Олардың берген жауаптары қарын аштырады, яғни, көбі Елбасы Жолдауларын, тарих, әдебиет, мәдениет, ұлттық салт-дәстүр және т.б. жөнінен көп нәрсені білмейді екен. Бұдан шығатын қорытынды – мұғалімдер күнделікті жаңалықты өздері білмейді, газет-журнал, кітап оқымайды, аса қажетті мәселелерді түсіндірмейді, сондықтан оқушылар да білмейді.
Қоғамымыз ерлік істерімен, еңбегімен ел құрметіне бөленген қарасайлық ардақты азаматтардың мерейтойын өткізуге де белсене қатысады. Мәселен, өткен жылы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің батыры Бекболат Әшекеевтің, ән өлеңінің классигі Нұрсұлтан Әлімқұловтың мерейтойлары аталып өтсе, сол істердің бел ортасында жүрдік.
Сонымен қатар, аудандық барлық тарихи, мәдени, әдеби іс-шаралардың барлығын да назарда ұстап, оларға белсене атсалысып отырамыз. Кейбірін айта кетсек – Абай гимназиясындағы ақын Маралтай Райымбековпен, филология ғылымының докторы, жазушы Бекен Ыбырайымовпен, Еңбекші мектебіндегі әнші Рамазан Стамғазиевпен кездесулер.
Сол сияқты орталық кітапханадағы Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын талқылауды, Алтын ауыл мектебіндегі «Рухани жаңғыру – ұлттық жаңғыру» атты ғылыми-практикалық конференцияны, Үшқоңыр мектебіндегі «Ұлы далаға ұлтжанды ұрпақ» семинарын, Әлімқұлов мектебіндегі тілдер мерекесіне арналған дөңгелек үстелді айтуға болады.
Қоғам мүшелері Қаскелеңдегі «Додо пицца» кафесіне барып, Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңының орындалуын тексеріп, оның 20, 21-баптарының бұзылғанын атап көрсетіп, ескерту жасады. Он күннен соң барып, жарнамаларының екі тілде – қазақ, орыс тілінде жазылғанын көрдік. Міне, осындай жұмыстарымыз да бар.
Тұңғыш Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы шығысымен-ақ бір апта бойы Абай гимназиясында риза етерлік игі істер атқарылды. Яғни, оқушылар мақалада айтылған жеті қырдың әрбірінен сахналық қойылым қойып, көпшілікті жақсы әсерге бөледі.
«Қазақ тілі» қоғамына үнемі нақты қолдау көрсетіп, көмектерін аямайтын аудан әкімі Жандарбек Далабаевқа, орынбасары Айжан Назарбаеваға, аудандық «Заман жаршысы» газетінің бас редакторы Атлана Исаеваға, аудандық білім бөлімі қызметкерлеріне және жарна жинауда жәрдемдесетін қала, ауылдық округ әкімдеріне, мекеме басшыларына, мектеп директорларына көп рахмет айтамыз.
Мәжілісте алқа мүшелері – ардагер ұстаз Ақлима Көсемова, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ләззат Әуелбекова, аудандық орталық кітапхананың директоры Ұлдархан Өтеева сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.