Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бекітілген болатын. Оны іске асыру мақсатында ауданымыздағы дін мәселелеріне қатысты ақпараттық-түсіндіру тобы қарқынды жұмыстар атқаруда. Солардың ықпалымен түрлі іс-шаралар, семинарлар, дөңгелек үстел басындағы пікір-сайыстар және білікті мамандармен кездесулер ұйымдастырылып келеді.
Өткен аптада аудандық дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы тағы бір жоспарлы жиын өткізді. Түсіндірме жұмысты мақсат еткен алқалы топ Қаскелең қаласының орталық кітапханасында колледж студенттері және ауданның белсенді жастарымен кездесу өткізді. Талқыға түскен тақырып – «Зайырлы мемлекет және зайырлы қоғам» деп аталды. Осыған қатысты бірқатар мәселелер мен тыңдаушылар тарапынан қойылатын сұрақтарды талқылау үшін арнайы қонақтар да шақырылды. Олардың қатарында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубек Қыдыралиев, аудандық әжелер алқасының төрайымы Ақлия Бекбаева, ауданның бас имамы Ринат Тәшенов болды. Жиын аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әмина Абдраманованың жетекшілігімен өтті.
Белсенді жастардың қатысуымен өткен отырыста «зайырлы мемлекет» түсінігі жан-жақты талқыланды. Оған қатысты радикалды жат ағымның жетегінде кеткен азаматтардың тағдырлары туралы да сөз етілді. Шақырылған қонақтардың арасында ауданның бас имамы Ринат Сеитқалиұлы діни қөзқарасты ойларын жастар санасына жете түсіндіруге тырысты. Өз сөзінде зайырлы мемлекет пен зайырлы қоғамды «дінсіз» түсінікпен шатастырмай, құқықтық ұстаным ретінде қарауға үндеді. Сондай-ақ, бас имам зайырлы елде барлығы Ата Заң бойынша жүретінін, алайда, оның шеңберінен шығып, ислам дінінің атын жамылған теріс ағымдардан сақ болуға шақырды.
Біздің қоғам зайырлы мемлекетті «дінсіз мемлекет» деген түсінікпен шатастырып жатқанын байқаймыз. Бұл қате пікір десек те болады. Өйткені, зайырлы мемлекет ішінде дін ешқашан жоққа саналмайды, керісінше, діни ұстанымның бостандығы байқалады. Осыған байланысты ауданның ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубек Қасенбайұлы мен ауданның әжелер алқасының төрайымы Ақлия Бекбайқызы өз ойларын ортаға салды. Оған қоса, жиналған жастардың санасына жететіндей тағылымды ақыл-кеңестерін де айтып өтті. Ал, Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының тарих пәнінің және дінтану бойынша қосымша сабақтың мұғалімі Эльмира Есмұратова: «Дінді адамнан бөліп қарау мүмкін емес. Өйткені, қоғам алдындағы діннің алар орны бөлек. Оны әдебиетпен, саясатпен араластырудың да қажеті жоқ. Жалпы, зайырлы қоғам тыныштықта өмір сүруі тиіс. Ал, оны бұзатын, халық арасында іріткі салатын радикалды ағымдардан сақтануымыз керек», – деді.
Осы жиынға келген келушілердің арасында жастардың да қатары аз болмады. Жиналысқа басшылық етіп отырған Әмина Мәдиқызы олардың тарапынан пікірін тыңдау үшін аудандық жастар ресурстық орталығының бас маманы Жарқынай Садуоваға сөз берді. Ол осы уақытқа дейін белсенді аудан жастарының ұйымдастыруымен атқарылған біраз іс-шараларды жіпке тізіп айтып берді. Әрі олардың ықпалымен жүзеге асатын көптеген жұмыстардың да жоспары атап өтілді. Оның ішінде тақырыпқа арқау болып отырған «зайырлы мемлекет», «зайырлы қоғам» түсініктері де қамтылатын болды. Ол жайында жалпылама түсінікті осы жастар ресурстық орталықтың жетекшісі Мәдина Нұрланова беріп өтті.
– Алдағы уақытта ауданымызға қарасты әр ауылдық округтердің жастарымен бүгінгі тақырыптың айналасында ой өрбіту жоспарда бар. Ондай кездесулерді көшпелі отырыс ретінде ұйымдастырып, білікті мамандардың қатысуымен дәрісті жұмысын жүргізсек дейміз, – дейді орталық жетекшісі.
Осылайша тарих пен діннің айналасындағы айтылған айшықты ойлар жиынға қатысушыларға тағылымы мол насихатқа айналды. Оларға «зайырлы мемлекет пен зайырлы қоғам» атаулары кеңінен түсіндірілді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.