Жуырда Астанадағы Қазмедиа орталығында аса маңызды, барынша пайдалы үлкен бас қосу болды. Ол Astana Media Week апталығы еді. Үш күн бойы еліміздің БАҚ өкілдері, шетелден шақырылған құрметті қонақтармен бірге, осы замандағы медиа жұмысы жайындағы орнықты ойларын ортаға салып, пайдалы пікірлерімен кеңінен бөлісті.
Медиа апталықтың екінші күнінде «Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының форумы» өткізілді. Онда әр аймақтан келген журналистер, редакторлар өздерінің жұмыстары жайында баяндады.
Аталған медиа апталыққа біздің Қарасай аудандық «Заман жаршысы» газетінің директор-бас редакторы Атлана Исаева да қатысып қайтты.
Осы орайда бас редакторымыз Атлана Жанатқызы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаевтың өз қолынан «Алғыс хат» алғанын атап айтқымыз келеді.
Онда «Заман жаршысы» газетін 85 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің ұжым өзекті мәселелерді терең сараптап, мемлекеттік саясаттың бағдарын жұртшылыққа кеңінен насихаттауға айрықша қызмет етіп отыр. Отандық Бұқаралық ақпарат құралдары саласының дамуына қосқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін. Министр Д.Абаев» делінген.