Ұлы тұлғаларымыздың бірегейі, халқымыздың парасатты перзенті, аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың туған күні ауданымызда кең көлемде аталып өтілді.
Кең байтақ қазақ жерінің заман көшіне ілесіп, түрлі өнеркәсіп орындарының ашылуы мен жаһандық өркениет белгісі – үлкен қалалардың салынуы, ғылым-білімнің жетілуі және басқа да толағай табыстарымыз сол Дінмұхаммед Қонаев есімімен тығыз байланысты. Биыл осы елі үшін ерен еңбек етіп, артында өшпес із қалдырған ірі тұлғаның туғанына 107 жыл толып отыр. Осы ретте, Димаш атамызды еске алу мақсатында еліміздің барлық аймақтарында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Биыл да осы қалыптасқан игі дәстүр ауданымызда жалғасын тауып, өткен аптаның сенбісі күні «Khama Park» мейрамханасының аумағында орналасқан ипподромда қомақты жүлде тігілген бәйге ұйымдастырылды. Дүбірлі думанға аудан әкімі Жандарбек Далабаев пен еліміздің танымал жазушы, ғалым, ақындар ел тізгінін ұстап жүрген азаматтар мен аудан жұртшылығының өкілдері қатысты. Шарада бірінші болып сөз алған аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы атамыздың есімі ел есінде мәңгі қалатынын айтып өтті.
– Дінмұхаммед Қонаевтың елімізге сіңірген өлшеусіз еңбегін халқымыз жақсы біледі. Оны халыққа жақын еткен – адал еңбегі. Өз қарапайымдылығының арқасында артында өшпес із қалдырып, саналы ғұмырын туған халқына адал қызмет етуге арнаған үлкен тұлғаның аты мәңгілік халық жүрегінде сақталып қала бермек, – деді аудан басшысы.
Мұнан кейін еске алу кешінің салтанатты түрде шымылдығын ашқан белгілі ақын Нұрлан Оразалин, басқа да қаламгерлер, бірқатар ел азаматтары сөз сөйлеп, ел экономикасының дамуына, өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан біртуар басшының асыл бейнесін еске алып, өз естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, іс-шарада Димаш атамыздың өмірі мен еңбектерін насихаттауға қосып жүрген үлкен үлестері үшін ҚР аумағында қызмет ететін Дінмұхаммед Қонаев атындағы қоғамдық қоры басшылығының 22 тамыз 2019 жылғы шешіммен, Нұрлан Оразалин және Оразалі Сәбден, Досмұрат Шағзадаев, Баймахамбет Ахмет пен Аманбек Бектай сынды елімізге белгілі азаматтар Қонаев медалімен марапатталды.
Мұнан кейін жиналған жұрт республикамыздың жан-жағынан келген шабандоздар қатысқан аламан бәйгені тамашалады. 8 айналым 21 шақырым қашықтықтағы аламан бәйге қорытындысы бойынша бірінші болып мәре сызығын ұзынағаштық шабандоз Серікжан кесіп өтіп, ұйымдастырушылар тағайындаған 5 млн теңгені қанжығасына байлады. Ал, екінші орынмен 2 млн. теңге Райымбек ауылының атшабары Нұрсұлтан иеленсе, үшінші орынмен 1 млн теңге қордайлық Бөкентиге бұйырды. Тұлпардың дүбірі басылмай жатып, жарыс жолын әрі қарай 2 жастағы бәйге аттары қатыстырылған құнан бәйге жалғады. 14 шақырым құраған бәйгенің қорытындысы бойынша алматылық Нұрбек үздік атанды. Жеңімпазға 1 млн теңге берілді. Екінші орынмен 200 мың теңгені ұшқоңырлық Сабыржан иеленсе, үшінші орынмен 100 мың теңге жамбылдық Бахытқа бұйырды.
Сондай-ақ, осы күні ұйымдастырылған топ бәйгеде алдына қара салмай шапқан жүйрік шабандоз беріктастық Бақыт бірінші орынмен 2 млн. теңгені қанжығасына бұйырды. Ал, екінші орынды иеленген қордайлық Санжар 1 млн. теңгені иеленсе, үшінші орынмен 700 мың теңге Алматы облысының атшабарына бұйырды. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерін еске алуға жиналғандар бәйгеден кейін оның рухына деп арнайы «Khama Park» мейрамханасында екі мың адамға жайылған дастарханнан дәм татты.
Сөз соңында осы үлкен басқосуды белгілі қоғам қайраткері, генерал Амангелді Шабдарбаев бастаған белсенді азаматтар ұйымдастырғанын айтқан жөн.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.