Елімізде жылдан жылға жеке кәсіпкерлікті таңдап, сол бағытта өз істерін дөңгелетіп отырғандар жетерлік. Олардың арасында интернет және әлеуметтік желілер дамыған заманда үйден шықпай-ақ әлеуметтік парақшалар арқылы сатумен айналысып, кейіннен оны табысты кәсіпке айналдырып алғандар да бар. Солардың бірі – жақында тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өзінің @Tattim_coffe атты кондитерлік үйінің екінші ғимаратын ашқан Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты Жәпек батыр ауылының тұрғыны Эльнара Оралбаева Жеңісқызы. Жартылай дайын өнім және тәтті торттар дайындайтын әуесқой кондитердің бұл салаға келгеніне біраз жыл болған. Бастапқыда жай ғана қызығушылықтан басталған іс қазір табысты кәсіпке айналған.
Бүгінде өз өнімімен жергілікті халықты қамтамасыз етіп отырған Эльнара Жеңісқызы кондитер болғанға дейін түрлі мамандықтың басын қайырып та үлгерген. Жан жары Берік Оралбаевпен шанырақ көтеріп, сәби сүйгеннен кейін бала тәрбиесімен біраз жыл үйде отырған. Кейіннен жеке компанияда, мектепте ұстаз да болып істеген. Адам баласы әрқашан ізденісте болу керек деп ойлайтын ол жұмыс істеп жұрып, әлеуметтік желілердегі курстар мен тренингтерге қатыса бастаған. Соның арқасында интернет арқылы өзінің ісін бастауға болатынын түсініп, бала кезінен анасынан тәтті тамақ әзірлеу, тоқаш пісіріп, қамыр жаюды үйренген ол Instagram-да өзінің @Tattim_coffe атты жеке парақшасын ашып, жартылай дайын өнім және кондитерлік тәттілердің саудасын жүргізе бастайды.
Ісі алдыға басып, тапсырыс берушілердің саны өскен соң, кейіннен шағын ғимаратты жалға алған. Осылайша, М.Түймебаевпен Жәпек батыр ауылын жалғап жатқан күре жолдың бойында екі ауылдың арасында алтын көпірдей @Tattim_coffe ғимараты пайда болған. Ашылған кондитерлік үй екі ауылдың ортасында орналасқандықтан, тұрғындар арасында танымал бола бастап, аз уақыттың ішінде 57 мың тұрғыны бар округте ең танымал кондитерлік цехқа айналған.
Бүгінде жұмысы жүйелі жүріп келе жатқан Эльнара Оралбаеваның кәсібінің өсуіне отбасы да үлкен үлестерін қосқан. Күйеуі Берік Оралбаев бастаған достары, көрші қолаң, ағайын-туыстары да алғашқы өнімнің дәмін татып, білгендерінше кеңестерін беріп отырған. Ал қазір қызы Мерей мектептен кейін қолы қалт етсе ата-анасының қолғанаты болып саудасын жүргізіп көмектесуде.
— Жолдасыма рақметім шексіз. Менің екінші анам да қарым-қабілетімді аңғарып, үйден шағын кәсібімді дөңгелетуге рұқсатын берді. Осылайша, тәтті тағамдарға қолданыла беретін әмбебап қамырды илеп, белгілі бір формаға келтіріп, қатырып, ұзақ мерзімде сақталатындай сапада әзірлеп, «Merey studio» деген атаумен өз өнімімді инстаграм желісінде жарнамалай бастадым. Алғашқы тұтынушыларым, әрине туыстарымыз бен достарымыз болды. Одан соң көрші-қолаң ғана емес ауыл-ауылдардан да сұрап келетін болды. Тапсырыс үстінде түрлі микс торттар да әзірлеймін, – дейді Эльнара Жеңісқызы.
Жалпы тағамға байланысты кәсіптің қандай түрін бастасаң да оның қажеттілігін, өтімділігін зерттеп, зерделеген жөн. Сондай-ақ ең бастысы сапасына мән беру қажет. Себебі тағам бизнесінің өркендеуі оның дәмді әрі сапалы болуына байланысты. Осының бәрін ой елегінен өткізген кейіпкеріміз көп ойланбастан үйде отырып-ақ өз кәсібін өрге домалата бастаған.
– Бүгінгі нарық кез келген кәсіпорыннан заман ағымына сай өнім өндіруді талап етеді. Менде шағын кәсібімді жүргізгенде сапаның сақталуына әрдайым мән беремін. Қазіргі уақытқа дайын, тәтті торттарымен қатар басқа да өнімдерім сұранысқа ие болып тұр. Мен оларға табиғи таза өнімдерді қосып, барлығын өз қолыммен әзірлеймін. Жақында көп қабатты той торттарын мәзірге қостым. Шынымен, тұтынушы үшін ең бастысы тортымның дәмдік қасиеттері мен жоғары сапасы. Бір рет тапсырыс берген адам бұл жерге міндетті түрде екінші рет оралуы тиіс, – дейді кәсіпкер.
Жерлестерінің арасында еңбексүйгіш, ізденімпаз жан ретінде танылғандықтан Эльнара Жеңісқызының жұмысына тұтынушылары риза. Кондитерлік үйде таңертең пісірілген өнім түске дейін сатылып кетеді екен. Күн санап сұраныс көлемі де тұрақты сатып алушылар саны да көбеюде.
Бүгінгі күні жеткен жетістігімен тоқтап қалмай, әрқашан алдыға жылжып отыруды көздеген кәсіпкер ісін дамыту үшін мемлекеттік бағдарламаға да қатысқан. Нақтырақ айтқанда, таяуда Алматы облысы бойынша «Даму қоры» жүзеге асыратын «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы орта және шағын бизнесті қолдау бойынша оқып, өзінің ұсынған өнімі арқылы кепілсіз грантты ұтып алған. Ол қаражатқа жаңадан ашқан екінші ғимаратына тәтті торттарды жасау үшін заманауи техникалар алмақшы.
Кішігірім кәсібін осындай жақсы дәрежеге дейін көтеріп, алда уақытта одан да жақсы нәтижелерге жету үшін жаңа қадамдарға дайындалып жүрген іскер әйелге тек сәттілік тілейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Іле ауданы.