Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы елімізде талай бизнес өкілінің жұмысын ілгерілетуге септігін тигізуде. Мемлекет ұсынған бағдарламаның шапағатын көрушілердің бірі – Жібек жолы ауылының тұрғыны, осы уақытқа дейін бірнеше кәсіптің басын игерген Гүлмира Измаханова. Осыдан бір апта бұрын нәзік жанды кәсіпкер «Қыран» деп аталатын оқу орталығын ашып, сұлулық салонының бір жылдығын атап өтті.
Айта кетейік, Гүлмира Измаханова ашқан курсына жоғарыда атап өткен еңбек нарығының тұжырымдамасы аясында Мансап орталығынан қысқа мерзімде тегін оқытуға 10 адам жіберіледі. Білім алушы ретінде үйде отырған қыз-келіншектер мен аналар таңдалған. Оқыту орталығында сән салонының барлық қызметі оқытылып, бірден іс-тәжірибеден өту мүмкіндігі қарастырылған. Нақты атап өтсек, әйелдер шаш үлгісі, маникюр мен педикюр және күндізгі, кешкі макияж сияқты мамандықты игерсе, ерлер шаш қию үлгісіне машықтанады. Сондай-ақ арулар мен ер жігіттер сұлулық салонында жұмыс істейтін мамандықты 3 айда игеріп, арнайы дипломға ие болып, 60%-ы жұмыспен қамтамасыз етіледі.
Біз сөз еткен оқу орталығының салтанатты ашылуына құрметті қонақтар арнайы шақырылып, ізгі тілектерін арнап, Гүлмира ханымның еңбексүйгіш қасиетін айрықша бағалады. Атап айтқанда, Алматы облысы бойынша еңбек мобильдігі орталығының директоры Абылай Зуайда, Жібек жолы ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев, «Атамекен» ҰҚП аудандық филиалының басшысы Орынбай Жанәділ, сондай-ақ аталмыш ауылдық округтегі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Базаркелді Анисов пен аналар алқасының төрайымы Азиза Ахметова сынды меймандар сөз сөйледі.
Шара барысында Дәулетжан Модинұлы мен Орынбай Басарұлы кәсіпкердің асқан табандылығы мен еңбекқорлығы жайлы ойларын ортаға салып, Алғыс хаттарын табыстады. Ал облыстық еңбек мобильдігі орталығының директоры Абылай Жұмабекұлы болса Гүлмира ханымға ақ тілегін арнап қана қоймай, кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарлама аясында Қарасай ауданы бойынша Мансап орталығы тарапынан тиісті қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ ерекше ілтипатын білдірген ардагер-ұстаз Азиза Ахметова Гүлмираның еңбекқорлығын атап өтіп, оның бала арманын еске алды.
– Гүлмираны алғаш көргенімде өзі кіп-кішкентай еді. Үйге келініме шаш үлгісін жасауға келетін. Сол кезде үнемі былай айтатын: «Тәте, маған үлкен салон ашып беріңізші, сол салонда жұмыс істеп, басқа да қыз-келіншектерді үйретемін». Бірақ мен оның бұл өтінішін орындай алмадым, мүмкін дұрыс жолын білмеген шығармын. Ал бүгінде Гүлмира еңбегінің арқасында сол арманына өзі жетті. Бір жыл бұрын салонын, енді міне оның жанынан оқу орталығын ашып жатыр. Тек сәттілік тілеймін, осы кішіпейілділік қалпыңнан тайма», – деп округтегі аналар кеңесінің төрайымы жылы лебізін білдіре келе, Гүлмира ханымның әр жұма сайын жағдайы жоқ отбасыларға көмек беріп отыратын қайырымды жан екенін де айтып өтті.
Ашылу салтанатына келген қонақтар сөз сөйлеп, алғыстарын айтып болған соң, шараның басты кейіпкері Гүлмира ханымға да сөз берілді. Ол айтылған ақ тілектерге ризашылығын жеткізіп, сұлулық салонында жұмыс істейтін кызметкерлерін қуантуды жөн санады. Әрбіріне Алғыс хат пен ақшалай сыйлықтарын табыстады. Сондай-ақ шара соңында Гүлмираның ата-анасы да жүрекжарды тілектерін айтып, перзенттеріне деген ризашылықтарын білдірді.
Шұғыла ТЫНЫС.