Аймақтық Менеджмент академиясы ұйымдастырған халықаралық конференцияларға қатысып, «Педагогикалық ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін» Қаскелең қаласындағы Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының директоры, бірінші санатты көшбасшы-басшы информатика пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші, педагогика ғылымдарының магистрі, Тұрсын Сайбырова «Ян Амос Коменский атындағы» Алтын медалімен марапатталды.
Тұрсын Әділбекқызы аталған наградаға төменде аталған еңбектерінің нәтижесінде лайық деп танылғанын айта кеткен жөн. Атап айтар болсақ ол Алматы облысы Директорлар кеңесінің, «Табысты мектеп басшылары» қауымдастығының мүшесі, өзі басшылық ететін Абай мектеп-гимназиясы ҚР білім беру мекемелері арасындағы «Үздік мектеп– 2021» онлайн-конкурсында «Үздік аудандық мектеп» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алған, «Білім беру ұйымының табысты басшысы-2020» атты облыстық конкурсының жеңімпазы атанған. Сонымен қатар, Тұрсын Әділбекқызы 2020 жылдағы Канада мемлекеті Торонто қаласында, Америка Құрама Штаттарындағы Лос-Анджелес қаласында, Жапония мемлекеті Нагоя қаласында өткен конференцияларға қатысып, автор және бірлескен автор ретіндегі бірқатар еңбектері, ғылыми-педагогикалық мақалалары үш тілде республикалық және халықаралық басылымдарда жарияланған.
Биылғы оқу жылында ол басшылық ететін Абай атындағы орта мектеп-гимназиясы екі республикалық, бір облыстық іс-тәжірибесін бөлісу конференциясын өткізді. Аталған білім ордасында бір республикалық, төрт облыстық пән олимпиадасының жүлдегерлері, бір халықаралық деңгейдегі спорт шеберіне үміткер бар. Мектепте «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын орындау мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасының аясында жан басына шаққандағы қаржыландыру есебінен заманауи кітапхана ашылып, «makespace» бұрыштары және коворкинг орталықтары жұмыс жасауда.
Тұрсын Әділбекқызы Халықаралық деңгейде педагогикалық тәжірибесімен жүйелі түрде бөлісіп, басқару мен дамудың жаңа жолдарын іздеуден жалықпай еңбек етіп келеді. Білікті басшыны марапатымен шын жүректен құттықтаймыз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.