Дүйсенбі күні Талғар ауданындағы «Akbulak Olympic Сenter» спорт кешенінде волонтерлер слеті өтті. Жиынға Алматы облысы Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле және Қарасай аудандарының еріктілері, қоғамдық, жастар саясаты, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері қатысты.
Басқосу барысында қонақтарды Алматы облысының Жастар саясаты бөлімінің өкілі Талант Ахметов құттықтап, аталған іс-шараның маңыздылығына тоқталды. Бүгінгі таңда волонтерлік қызмет аясы кеңейіп, қоғамдық істерге араласатын жастар қатары көбейіп жатқанын айтып, осы саладағы атқарылған жобаларға тоқталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын «Асар» дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету».
– Волонтерлік қызметтің мақсаты – жеке және заңды тұлғаларға көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық игіліктерді қамтамасыз ету, өзара көмек және мейірімділік сезімін қалыптастыру. Волонтерлік – патриотизмнің бір көрінісі. Еріктілер ең алдымен елдің игілігіне қызмет етеді. Олардың жұмысы азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінгі басқосу сіздерге өзара тәжірибе алмасып, жаңа идеялармен бөлісіп, ортамызға жаңа еріктілерді тартуға үлкен мүмкіншілік береді деп ойлаймын. Сіздер ерен еңбектеріңізбен біздің қоғамның, мемлекеттің дамуына үлкен үлес қосып жатырсыздар, көп адам сіздердің көрсеткен көмектеріңізге ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтуда. Қатарларыңыз күннен-күнге көбейе берсін!, – деді Т.Ахметов. Сондай-ақ ол конкурстық комиссияның қарауында 19 жоба бар екенін жеткізіп, еріктілер қатарында ерекше көзге түскен белсенді жастар марапатталатынын айтып, 8 номинация бойынша 19 жоба ішінен қазылар алқасы ең үздіктерін атады.
Сонымен бұл слетте «Біргеміз: Қамқор», «Біргеміз: Таза әлем», «Біргеміз: Білім», «Біргеміз: Үміт», «Біргеміз: Сабақтас», «Біргеміз: Асыл мұра», «Біргеміз: Аяла», «Біргеміз: Саулық» номинациялары бойынша командалық топтар марапатталды. Оларға 300 000 теңгелік сертификаттар табыс етілді. Үздік жобалар бойынша «Бес асыл», «Green Drive Talgar», «Graphic.skills.online», «Lider.kz жастар қанаты», «OBLIKI», Talgar.History», «ProBonoTalgar», Dog.walk.talgar», «От Сердца К Сердцу» атты волонтерлік ұйымдардың жобалары танылды. Сондай-ақ волонтерлер басқосуын ұйымдастырған «Союз молодежи «VEСTOR» қоғамдық ұйымы жаңа еріктілерге ынталандыру жүлделерін табыс етті.
Қызықты да әсерлі өткен кеш «DANCE-life» би тобының және «J&S тобы» әншілерінің концертіне ұласты.
Сәуле ҚҰРМАНТАЕВА.
Талғар ауданы.