Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі отандық өнім өндірушілерге қолдау көрсету мәселесін үнемі назарда ұстап келеді. Мемлекет басшысының жылдағы Жолдауларындағы басты тапсырмаларының бірі – тұрғындарды ерінбей еңбек етіп, бәсекеге қабілетті кәсіп жасауға үндеу болып табылады. Осы сенім үдесінен шығып, мемлекет межесін бағындыруға жұмыс істеп жатқан Ықыласовтар отбасының«Golden maken» жеке кәсіпкерлігі де ауданымызда өзіндік бренд қалыптастырып отыр. Аталмыш кәсіпорын Шамалған ауылдық округінде орналасқан.
Біз жақында осы отбасының үй жиһаздарын жасайтын цехында болып, өндіріп жатқан өнімдерінің сапасы мен беріктігіне көз жеткіздік. Ермек Ықыласов басқаратын «Golden maken» кәсіпкерлігі өз қызметін 2014 жылы бастаған. Кәсіпкер көп жылдар бойы Ресей, Қытай мен Түркия елдерінен келген жиһаздарды сатумен айналысып, осы бизнесте мол тәжірибе жинап алған соң жиһазды өзі шығарып, сатуға бел буады.
–Көп уақыт осы бизнеспен айналысып, оның қаншалықты сұранысқа ие екенін көріп, өзім жеке кәсібімді ашайын деп шештім. Тұрғылықты жеріме қайтып келіп, алғашында өз қалтамнан қаржы шығарып кәсібімді бастадым, кейіннен «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы «Даму» қорынан несие алып, кәсібімді кеңейттім. Соңғы 2-3 жылда кәсіпкерлігіміздің аясы кеңейіп, алғашқы кезбен салыстырғанда қазір деңгейіміз әлдеқайда өсті, – дейді кәсіпкер Ермек Ықыласов.
Шамалған ауылдық округінде 60 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын осы уақыт аралығында тек жоғары сапалы жиһаздарды эксклюзивті түрде жасаумен айналысып келеді. Шеберханада орындықтар, үстелдер, шкафтар, баспалдақтардан бөлек, ас үй, жатын, балалар бөлмелері мен үйдің кіреберісіне арналған жиһаздар да дайындалады. Мұнда қарапайым жиһаз тұтқасынан бастап, ұсақ-түйек заттары мен ЛДСП, МДФ материалының барлығы да отандық өнім. Шығарылған тауарлар сырттан келетін өнімдерден еш кем емес. Себебі, мұнда жиһаздар шетелдік осы заманғы Ресей, Италия мен Қытайдан алып келінген озық технологиялармен жасалады. Сондықтан да тұтынушы жергілікті жерде жасалған жиһаздардан айтарлықтай айырмашылық таба алмайды. «Golden maken» кәсіпорыны шығаратын жиһаздарға қазіргі таңда сұраныс жоғары. Тек аудан халқы емес, көрші облыстардан да жиһаздарына тапсырыс берушілер баршылық. Тұтынушының бұлай қызығатыны, біріншіден, мұнда жасалған бұйымның сапасы жоғары, екіншіден, өзге өндіріс орындарымен салыстырғанда бағасы қолжетімді болып келуінде. Сапасының жоғары болатыны, бұйымдарды осы цехта еңбек жолын бастап, әбден қалыптасқан, тәжірибелі, нағыз шеберлер жасайды. Ал бағасының арзан болатынының бір сырын ағасы Ержас ашып айтып жеткізді.
– Жоғарыда айтып өткендей, жиһаз жасауда тақтайлардың сапасына аса қатты мән береміз. Одан бөлек жұмсақ жиһаздарға матаны бұрынғыдай базардан емес, арнайы тапсырыспен алдыртамыз. Тұтынушының көңілінен шығуға тырысамыз. Дизайн мен материалдарды таңдау тапсырыс берушінің еркінде. Олардың таңдағанын айнытпай жасап береміз. Сондықтан бағасы да арзан, әрі қолжетімді, – дейді ол.
Иә, қазіргі таңда Қазақстанның жиһаз өндірісі нарығын жаулап алған шетелдік өнімдерге қарсы тұрып, өз кәсібін өрге домалатып отырған Ермектің ісі өнімді. Өзімен бірге көптеген адамдарды жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкердің келешекте әр аймақтарда ғана емес, сондай-ақ, өзге де мемлекетте отандық өнімімізді дамыта түсетініне сеніміміз мол.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.