Аптаның екінші күні өткен аудан әкімдігінің мәжілісінде Қарасай ауданының 2017 жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы сараланып, алдағы ІV тоқсанға міндеттер белгіленді.
Жиын тізгінін өз қолына алған аудан әкімі Махаббат Бигелдиев алдымен үш тоқсан көлемінде атқарылған жұмыстар жайын баяндап беру үшін сөз кезегін орынбасары Нұржан Сатубековке берді.
Белгілі болғандай, атқарушы органдардың экономика салаларында өсім серпінін сақтау жөнінде нақты жұмыстар атқарылған. Жалпы ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі осы мерзім ішінде 32,8 млрд теңгені құраса, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,1 % -ға тең.
Өнеркәсіп өндірісінің де нақты көлем индексі 112,1 % теңелген. Негізгі капиталға инвестицияның тартылуы 70 млрд. 772 млн. теңге болып, бюджетке түсетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді жинау жоспары қаңтар-қыркүйек айларында 108,7 % орындалып, 23,8 млрд. теңгені құраған. Республикалық және жергілікті бюджетке түскен түсімнің жоспардан артығымен орындалғаны да атап айтылды.
Алайда, орын алып жатқан кемшіліктер де жоқ емес. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстардың толығымен дұрыс атқарылмағаны, балабақшалар санының әлі де аздық ететіні, азаматтарды жұмыспен қамту көрсеткіштерінің төмендігі және тағы да басқа мәселелер көтеріліп, бірқатар бөлім басшылары мен округ әкімдеріне сөгіс жарияланды. Жарыссөзге жазылғандардың да есебі тыңдалып, істелген шаруа мен атқарар міндеттер сараланған соң, аудан әкімі Махаббат Садуақасұлы тиісті басшыларға бірқатар тапсырмалар да жүктеді. Атап айтқанда, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы мақсат-міндеттерді үнемі назарда ұстау, «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасының көрсеткіштеріне қол жеткізу, индустрияландыру картасының аясында жұмыс жасап тұрған өндірістердің жүктемесін және жаңа өндірістердің жоспарлы қуаттылығына шығуын қамтамасыз ету, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысуға тарту жұмысын жандандыру, «Нұрлы жол» бағдарламасында қарастырылған объектілерге бөлінген бюджет қаржыларының толық игерілуін бақылау, ауыл шаруашылығы және жеке тұрғын үй құрылысы бағытындағы пайдаланылмайтын жерлерді, заңмен белгіленген мерзімдер өткеннен кейін мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыстарды жандандыруды, жеке меншік балабақшалар санын арттыруды, ана өліміне, нәресте шетінеуінің көбеюіне жол бермеуді, халықтың нысаналы тобынан жоспарланған адамдардың барлығын тұрақты жұмысқа орналастырып, толықтай зейнетақы аударымымен қамтамасыз етуді және өзге де міндеттерді назарға алуды тапсырды аудан басшысы.
Алқа мәжілісіне мәслихат хатшысы және депутаттары, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық қоғамдық және ардагерлер кеңесінің, кәсіподақ ұйымының төрағалары, қала және ауылдық округ әкімдері, ауданның құқық қорғау органдары, бөлімдер мен басқарма басшылары, мектеп директорлары қатысып отырды.
Клара КӨПБАЕВА.