Жуырда аудандық тарихи-өлкетану музейінде Талдықорған қаласының тұрғыны, жеке коллекционер Марат Қасеновтың «Өткен күнде белгі бар» атты көп жылдар бойы жинаған тарихи жәдігерлерінің көрмесі болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады»,– деген болатын. Ел дамуы өзегінің біріне айналған, бұл маңызды мақаланың аясында жеке коллекционер өзі жинаған жәдігер заттарымен бөліскісі келіп, біздің аудан жұртшылығына ұсынуды жөн көріпті. Көрме экспозициясында келушілерге тарихтың өткен кезеңіндегі қоғамның өмірі мен тұрмысының қилы аспектілері жайлы мағлұмат беретін, кешегі күнге сын көзбен қарап зерттеп-зерделеуге деген талпыныстары мен қызығушылықтарын арттыруға әсер ететін түрлі бағыттағы жинақтамалар мен өте сирек кездесетін Рим империясының тиындары, қазақ жауынгерлері қолданған садақтың жебелері, ескі фотоаппараттар, қағаз банкноталары, күйтабаққа арналған ескі магнитофондар, көне медициналық таразы, XVIII ғасырлардағы үтіктер жиынтығы, монеталар, маркалар, XVIII ғасырдағы антикварлық кофе ұнтағыш көрсетіледі.
Өмірінің жарты ғұмырында көненің көзіндей байырғы заттарды жинаумен айналысып жүрген Марат Қасенов Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан қаласында 1950 жылы дүниеге келген. Марат ағаның тарихи жәдігерлерді жинап теріп, халқыма ұсынсам деген құштарлығы 60-шы жылдары, мектептің төртінші сыныбында оқып жүргенде басталыпты. Өзі қатарлы балалар сияқты, алдымен түрлі жапсырма қағаздарды (этикеткаларды), маркаларды жинаған ағамыздың уақыт өте келе қызығушылығы артып, коллекция жинаумен жалғасқан. Жәдігерлердің бірі ұлтымыздың ұлылығын паш етсе, енді бірі патша заманынан сыр шертеді. Еңбек жолын қарапайым механик-тракторшы болудан бастаған Марат ағамыз саяхаттауды жақсы көргендіктен көптеген жәдігерлерін Қара теңіз, Байкал, Зайсан, Алакөл, Сайқан, Сауыр, Тарбағатай, Маңырақ, Қолбы, Оңтүстік Алтай сияқты жер-жерден жинақтаған. Түрлі ұлттардың антикварлық бұйымдарын тірнектеп жинап, көздің қарашығындай сақтаған коллекционер, сондай-ақ, Сочи, Адлер, Сухуми, Батуми мен Солтүстік Кавказдан да түрлі заттар алып келеген.
Ол жылдар бойы жинақтаған құнды жәдігерлерін туған жеріне, халқына көрсету мақсатында өзі үйінің жертөлесінен музей ашқан екен. Қазір онда VI-VIII ғасырлардағы Жібек жолы бойындағы Сарайшық қаласының көне жұртынан табылған тиындар, қыздардың әшекей бұйымдары мен садақ ұштары, X-XII ғасырдағы Қытай империясының тиындары, IX, XVII, XVIII, XX ғасырдағы 52 мемлекеттің қағаз және металдан жасалған ақшалары, XIX ғасырдағы киім тігуге арналған «Зингер» тігін машинасының 18 түрі, XIX-XX ғасырларда шыққан патефон, сағаттар, фотоаппараттар, ағаштан шапқан ертоқымдар, самауырынның түр-түрі, музыкалық аспаптар, дуылға, маркалар, значоктар, басу машинкалары бар. Сонымен қатар, 2000-нан астам кітап, өткен ғасырдың сия сауыттары да тұр. Бір қызығы, өзінің мамандығы «Тұрмыстық техникаларды жөндейтін механик» болғандықтан, бұл ескі заттарды жөндеп, барлығы дерлік жұмыс істеп тұр. Ерекше музейін еліміздің түрлі облыстарынан, әр мемлекеттерден келіп көреді екен.
Осындай көне жәдігерлерді «жинау ермек емес, қызығушылық», деп айтатын Марат Жанахметұлы: «Ескіні естен шығармау және көне уақыттың жәдігерлерін бағалай білу жастар үшін пайдалы. Бұл – тарих. Мен осылайша «Рухани жаңғыру» бағдарламасына өз үлесімді қосып жүрмін», – дейді. Көптеген халықтардың өнер үлгілерін іздеп тауып, белгілі, белгісіз шеберлердің көз майын тауыса жасаған дүниелерін көздің қарашығындай сақтап, өмірінің арқауына айналдырған ағамыздың еңбегіне тек таңданып, тамсансақ болады!
Көрмеге қойылған 230-дан астам талай ғасырлардың куәсі болған құнды бұйымдар музейде бір ай бойы келушілер назарына ұсынылады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.