Биыл күздің алғашқы күнінен-ақ еліміздің біраз өңірінде жылдағыға қарағанда қара күздің ызғары ерте сезілді. Ал, күз есіктен сығалады дегенше, қыстың қыр астында тұрғаны аян. Ендеше әне-міне дегенше қар да жауып, суық басталды. Қыс-күз айларындағы аса маңызды әлеуметтік мәселенің бірі – жолдардың мұз басып, тайғақ болуы. Ал, қазір осы мәселеге дайындық жұмыстарын күшейтіп, атқарылған жұмысты пысықтайтын кезең. Осыған орай, біз оқырмандардың назарына аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі берген қысқы дайындық жұмыстарының ақпаратымен бөлісуді жөн санадық.
Бөлімнің берген мәліметінше аудан аумағымен өтетін республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 2018-2019 жылдары қысқы кезеңіне күтіп ұстау жұмыстарын жүргізетін мердігер компаниялардың жұмысы дайын. Жалпы, ауданымыздағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 76 шақырым, оның ішінде «Алматы-Бішкек» трассаның еншісінде 29 шақырым болса, Алматы-Шамалған-Ұзынағаштікі – 28. Ал, Алматы-Астана – 19. Бұл автомобиль жолдарына «Казахавтодор» ЖШС Алматы облыстық филиалының «ДЭУ-14» мекемесі қызмет көрсетеді. Оларда арнайы 11 техника жүз пайызға дайын тұр. Ал, аудан аумағымен өтетін 253 шақырым облыстық маңызы бар жолдар «ДРСУ-8» ЖШС-нің қармауында. Бұл компанияның 22 техникасы, атап айтқанда, трактор, автогрейдер, камаз, автобус және экскаваторлары қыста қызмет көрсетуге сақадай сай.
Ауданымыздағы жолдарға қызмет көрсететін мекеме «Дортехмонтажсервис» ЖШС-нің да 13 техникасы өз жұмысына толық дайын.
Бакдаулет ТАЛИПОВ.