Алматы облысына қарасты Жалпақсай ауылында экологиялық акциясы өтті. Игі бастаманы «AMANAT» партиясының мүшелері қолға алып, оны «Жастар рухы» жастар қанатының волонтёрлері мен ауыл тұрғындары қолдады. Жалпы сенбілікке 30-ға жуық адам қатысып, бірнеше сағат ішінде 6 тонна қоқыс жиналды.
Ауыл көшелерінде жиналып қалған қоқыс тұрғындар үшін өзекті мәселеге айналған болатын. Әсіресе, құрылыс қалдықтары – бетон сынықтары, кірпіштер, тақтайлар мен пластик панельдер көшелер мен бос жатқан жерлерде шашылып жатты. Кейбір тұрғындар жөндеу жұмыстарынан кейін бұл қалдықтарды арнайы орындарға шығармай, жол жиегіне немесе ашық жерлерге төге берген..
«Бұл қоқыс бірнеше апта бойы жиналмай жатты. Кейбір тұрғындар жөндеу жұмыстарынан кейін қалдықтарды кез келген жерге тастай салған. Айнала лас болып, қоқыс күн санап көбейе берді. Ал «AMANAT» партиясының мүшелері сенбілік ұйымдастыратынын айтқанда, біз бірден қолдадық. Егер бұл акция болмаса, қоқыс тағы да айлап жатар ма еді», – дейді ауыл тұрғыны.
Экологиялық акцияның басты мақсаты – тек қоқыс жинау ғана емес, ауыл тұрғындарын қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мәселені бір реттік сенбілікпен шешу мүмкін емес, ең бастысы – қоқыстың қайта жиналуына жол бермеу. Сондықтан бұдан былай ауыл тұрғындары апта сайын сенбілік өткізіп, тазалықты сақтап отыруға келісті.
«Біздің мақсатымыз – тек көшелерді тазарту ғана емес, тұрғындарға тазалық мәдениетін сіңіру. Тазалық жұмыстары кезінде біз қоқыстың қаншалықты көп екенін өз көзімізбен көрдік. Егер әр адам қоршаған ортаны таза ұстауға атсалысса, мұндай ластану мүлдем болмас еді», – деді «AMANAT» партиясының мүшесі Бекжан Сүнбеков.
Жиналған барлық қоқыс сұрыпталып, арнайы орындарға шығарылды. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалардың тұрақты түрде өткізіліп, ауылдағы экологиялық ахуалды жақсартуға үлес қосатынына сенімді.