Қазақстанның Тәуелсіздік күні 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасымен немесе Желтоқсандағы қазақ жастарының наразылығымен байланысты. Осыдан 38 жыл бұрын желтоқсанның 16-сы күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті (қазіргі қала әкімдігі) ғимараты алдындағы алаңда отставкадағы Дінмұхамед Қонаевтың орнына Геннадий Колбиннің Қазақстан басшысы болып тағайындалуына қарсы шеру басталды. Мыңдаған жас қазақстандықтар әлеуметтік әділеттілікті талап етіп, ұлттың мүддесін қорғап, көшеге шықты. Митингтер қауіпсіздік күштерімен қақтығыстармен, тұтқындаулармен және ондаған қылмыстық істермен аяқталды. Нәтижесінде 8,5 мың адам ұсталып, 1700-ден астам қыз-жігіттер ауыр жарақат алды. Бүгінде бұл сәт тарих беттерінде қазақ халқы үшін негізгі әрі маңызды оқиға болып жазылып қалған.
Әр жыл сайын Тәуелсіздік мерекесіне орай, сонау оқиғаларды еске түсіріп, оған қатысқан желтоқсандықтардың тарихын айтып, қолда бар архивтегі құжаттарды көтеріп, жаңа мәліметтер алуға тырысамыз. Алайда, өкінішке орай, ол кезең туралы біз қалайтындай көп ақпарат жоқ. Ал фотосуреттер одан да аз деуге болады. Мұның бәрі – сол уақыттағы жағдайды барынша көрсетпеуге тырысқан Кеңес Үкіметінің сайқал саясатының нәтижесі.
Десе де біз таяуда желтоқсаншылар ісі бойынша сот залына кіруге рұқсат алған жалғыз фототілші Юрий Беккермен кездестік. Ол кісінің «үкімді тыңдап тұрған желтоқсаншылар» фотосы бүгінде сот процесінде түсірілген «жалғыз» сурет болып табылады. Кездесу барысында Юрий ағамыз осы бір танымал фотоны түсірген сәті туралы естелігімен бөліскен еді.
– Ол кезде мен Қазақ телеграф агенттігінде (ҚазТАГ) жұмыс істедім», – деп еске алды Юрий Зельманович. – Желтоқсаншылардың соты басталар алдында, мен зираттағы ескерткіштерді қиратқан жас вандалдарға қатысты процесті түсірген болатынмын. Сол кезде мен прокурордың есінде қалыппын. Соның арқасында жас желтоқсаншылардың сот отырысына жіберу мәселесі шешіліп жатқанда маған залға кіріп, түсіруге рұқсат етілді. Басқа ақпарат құралдарының өкілдері кіргізілмеді. Сот аяқталғаннан кейін мен бірден фотоны Кеңес Одағының Телеграф агенттігіне жібердім (ТАСС). Одан соң курьер оларды әртүрлі басылымдарға жеткізді.
Алайда оны басып шығарған әріптестерім көп зардап шекті. Анығырақ айтқанда, фотода соттың үкім оқып тұрған сәті бейнеленген еді. Ал сол кездері Қазақстанды басқарған Геннадий Колбин оны көргенде: «фотода қылмыскерлер басын тік көтеріп тұр, ал судья болса басын иіп тұр», – деп наразылығын білдіріпті. Нәтижесінде мәселеге үңілмей, кінәлілерді жазалауды бұйырған.
Осыдан кейін Юрий Беккермен «Огни Алатау», «Жетісу» және ұйғырлардың «Коммунизм туы» газеттерінің редакторлары мен орынбасарлары «қызметіне сай емес» деген сөзбен жұмыстан шығарылды. Ал «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Надежда Гарифуллинаны сол кезде Мәскеуде іссапармен жүргені ғана құтқарды.
Қазақстанның баспаларынан бөлек желтоқсаншылар сотының фотосуретін немістің «Bild» журналы да «Қазақстандағы демократия» атты мақаласында жариялаған.
2022 жылы Юрий Зельманович ерекше фотосуретінің кейіпкерлерімен кездесіп, тағы бір ерекше фото жасады. Нақтырақ айтқанда, ол Алматы қаласындағы Желтоқсаншыларға арналған ескерткіштің қасында Е.Көпесбаев, Т.Тәшенов және К.Күзембаевпен кездесіп, 30 жылдан астам уақыттан кейін танымал суретін тағы бір қайталады десек болады.
Бұл естелік фотода желтоқсаншылар сот кезіндегідей реттілікпен тұрып, марқұм болған батыр Қайрат Рысқұлбековтың портретін қолдарына алып түсті. Осылайша ұрпақтан ұрпаққа тарайтын тағы бір маңызды туынды дүниеге келді.
Мақала соңында Юрий Беккер жайлы біраз айтып өтсек. Фотограф Юрий Зельманович 2025 жылы кәсіби қызметінің 50 жылдығын атап өтеді. Ол өзінің еңбегі үшін Қазақстан Журналистика академиясының академигі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі сияқты лайықты атақтарға ие болды. Өзге марапаттары – «Халық Алғысы» медалі мен «Құрмет» ордені. Біріншісі – пандемия кезіндегі жұмыс болса, екіншісі – бүкіл өмір жолы, таңдаған мамандығына деген адалдығы.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.