Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында танымал тележүргізуші және кәсіпкер Динара Сәтжанның семинар-тренингі өтті, деп хабарлайды Алматы облысы өңірлік коммуникация қызметі.
Елімізге танымал тележүргізуші, кәсіпкер әйел, «Мисс Қазақстан –2009» байқауының жеңімпазы Динара Сәтжан жетістігінің қыр-сырымен бөлісу үшін осы аптаның дүйсенбі күні Талдықорған қаласында семинар-тренинг өткізді.
Алматы облысының ішкі саясат басқармасы мен өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған семинарда қазақ дизайнерлерінің өнімдерін өзге мемлекеттерге таныстырып, сән әлемінде қолтаңбасын қалдырып жүрген Динара Сәтжан «Әйел адамның бизнестегі рөлі» тақырыбы аясында сөз қозғады. Әр салада кәсібін дөңгелетіп жүрген табысты тележүргізуші телеарнаға 16 жасында келген. Тіпті, алғашында екі жыл тегін жұмыс істеуіне тура келгенін де айтып өтті.
– «Арман адастырмайды». Жетістікке жету жолында ең бастысы осы сөзге сену қажет. Мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында еңбектенсеңіз, сол істің жемісін жейсіз. Жас кезімде жеке басыма, жұмысыма қатысты көптеген сын естідім. Алайда, мен берілген емеспін, керісінше, ол сын менің алдыға қарай жылжуыма серпін берді, – дейді.
Сегіз жылдан астам кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан бикеш болашақта өзін сан қырынан сынап көруге әзір. Жақында бизнес жайында жазылған кітабын да жарыққа шығаруды жоспарлап отыр.
– Қазақстанда танымал кәсіпкерлер көп. Бірақ, олардың кәсібі жайлы жазылған кітап жоқтың қасы. Мысалы, «Меломанға» кірсеңіз ол жерден тек шетелдік кәсіпкерлер туралы бизнес кітаптарды таба аласыз. Сол үшін, менің ойымша, осындай кітап керек деп ойладым. Кітап жазуыма осы мәселе түрткі болды, – дейді Динара Сәтжан.
Оның айтуынша, бизнес тақырыбын қаузаған тың туынды күзге қарай оқырманның қолына тиеді деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, ол шара барысында тележүргізуші көрермен сауалдарына жауап беріп, өз кәсібін ашам деушілерге бірқатар кеңес берді.