«Денсаулық – баға жетпес байлық» десек, адам жанының арашасы болып табылатын дәрігерлердің қоғамдағы орны ерекше. Олардың ерлікке пара-пар еңбегі расымен де еленуге, мақтануға тұрарлық екен сөзсіз. Таяуда елімізде аталған маңызды мамандық иелерінің кәсіби мерекелері аталып өткен еді. Оның аясында Қарасай аудандық Мәдениет үйінде салтанатты шара ұйымдастырылып, медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Мерекелік кеш барысында жемісті еңбек етіп жүрген қарасайлық ақ желеңділер Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмат Тұрысбекұлының Құрмет грамотасымен және аудан әкімі Жасұлан Естеновтың Алғыс хаттарымен марапатталған еді. Олардың қатарында танымал, өз ісінің маманы атанған кәсіби хирург, Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Максим Стадников та болды. Анығырақ айтқанда, кәсіби маманға хирургиядағы тың жетістіктерге жеткен дәрігерлерге берілетін ең жоғары марапат «Алтын скальпель» халықаралық сыйлығы табыс етілді.
Айта кетейік, Максим Александрович бүгінде өзі еңбек етіп жүрген аудандық аурухананың перзентханасында 1982 жылы дүниеге келген. Қаскелең қаласында орналасқан В.Г. Белинский атындағы меткептің түлегі. 1999 жылы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түскен. Жоғарғы оқу орнын тәмамдаған кейін алғашқы жұмыс орны ретінде өзі туып-өскен Қарасай жеріндегі орталық ауруханасын таңдаған. Сөйтіп, ол 2006 жылдың бірінші маусымында ауруханадағы хирургия бөліміне қатардағы хирург болып орналасқан. Кейіннен өзінің еңбекқорлығы мен байыпты мінезінің арқасында хирургия бөлімінің меңгерушісі атанды.
Жұмыс істеп жүріп, өз біліктілігін де арттыруға көңіл бөлуді ұмытпайтын Максим Стадников Литваның ең үлкен қалаларының бірі – Каунасқа білім алуға барып, 2008 жылы кардиохирургия бойынша оқуын тәмамдаған. Кейіннен сол кездері орталық аурухананы басқарған бас дәрігер Мәулен Малғаждаровтан онкология, эндоскопиялық хирургия және тағы да басқа бағыттар бойынша тәжірибе жинақтады. Бұған қоса магистратураға түсіп, «денсаулық сақтау менеджменті» мамандығын алып шыққан.
Тәжірибесі мен біліктілігін шыңдауының арқасында ол соңғы төрт жылдан астам уақыт Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет етіп келеді.
Аталған ауруханадағы 18 жылдық еңбек өтілі кезінде медицина саласының белді хирургі еселі еңбегінің арқасында көптеген әл үстінде жатқан адамның өмірін сақтап қалып, қауіпті ауруларынан айығуға көмектесіп келеді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.