Қазақстан өзінің егемендігін алып, тәуелсіз деп жариялағаннан бері экономикамыз алдыға жылжып, шет елдік инвесторлармен жұмыс жасау арқылы елдің аумағында көптеген кәсіпорындар ашылды. Солардың бірі – 1996 жылы Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласында негізі қаланған «Pladis» компаниялар тобының өкілдігі болып табылатын «Хамле Компани ЛТД» ЖШС. Аталған өндіріс орны 30 жылға жуық кәмпит, бисквитті тәттілер секілді түрлі кондитерлік өнімдер шығарумен айналысып келеді. Соның арқасында бүгінде ол экспортқа бағытталған, жүйе құраушы және әлеуметтік-экономиканың дамуына үлкен үлес қосып отырған алпауыт кәсіпорындардың бірі болып табылады.
Таяуда әртүрлі елдегі «Pladis» компаниялар тобына кіретін заңды тұлғаларды бір атаумен біріктіру жөніндегі жаһандық бастама аясында «Хамле Компании ЛТД» ЖШС өзінің заңды атауын «Pladis Kazakhstan» ЖШС етіп өзгертті. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, компанияның Қазақстандағы атауының өзгеруі оның тарихындағы маңызды кезең және жаңа мүмкіндіктердің бастауы.
Атауы өзгергенімен, негізгі жұмыс бағыты сол қалпында қалды. Ол бұрынғыдай Қазақстан дүкендерінің сөрелерін және де бірқатар шет мемлекеттерін кондитерлік тәтті өнімдермен қамтамасыз ету бағытында жұмыс істей береді.
Айта кетейік, «Pladis» 2016 жылы бірнеше елде өндірілген кондитерлік брендтерді бір компанияның астына біріктіру мақсатында құрылған. Оның мақсаты – тәтті өнімдер арқылы адамдарға бақыт сыйлау.
Бүгінде «Pladis» 300 жылдан астам біріктірілген тарихы бар наубайхана мен кондитерлік өнімдердің мақтан тұтатын мұрасын жалғастыруда. Оған қарасты 27 кондитерлік фабрикада бүкіл әлем бойынша 16 000 адам жұмыс істейді. Әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан кондитерлік компания қазіргі уақытта McVitie’s, GODIVA, Ülker және т.б. танымал брендтермен мақтана алады.
Жалпы «Хамле Компании ЛТД» ЖШС Қазақстан жерінде 28 жылдай жұмыс істеп келеді. Ол – елімізде түрік инвесторларының қаражатына салынған алғашқы өндірістердің бірі. Жобалық құны 8 млрд. теңге болған өндіріс орнының қуаттылығы жылына 60 мың тонна дайын өнімді шығаруға бағытталған.
Аталмыш кәсіпорын алғаш ашылғанда көптеген қарасайлықтарды жұмыспен қамтыған. Бүгінгі таңда 1000-ға жуық адам еңбек етуде.
Жылдан-жылға жұмысын жетілдіріп, дамытып отырған компания бүгінде тек өркендеу үстінде. Соның арқасында қазіргі уақытта мұнда «Хамле», «Ulker», «McVitie’s Digestivies», «Alpella» сауда белгісімен 103 түрлі кондитерлік ұн және шоколад өнімдері шығарылуда. Тауарлары Қазақстанның тұтынушыларына ғана емес, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия, Беларусь, Тәжікстан, Моңғолия, Қытай сияқты елдерге де жеткізілуде.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.