Елімізде алғаш қаржылық пирамида пайда болған 90-шы жылдардан күні бүгінге дейін оның құрбандарының қатары күн санап артып келеді. Мемлекетімізде қаржылық пирамиданың қарапайым халыққа келтіріп жатқан материалдық залалы жыл сайын бірнеше миллиардтарға дейін барады.
Бүгінде адамдар ең көп қолданатын әлеуметтік желілердің бетін ашып қарағанда кез-келген жазбалардың астынан «Мен үйде отырып-ақ интернетті қолдану арқылы табыс тауып отырмын» немесе «Байлықтың жолын көрсетуге көмектесеміз. Тек жұмысқа деген ынтаңыз бен ниетіңіз болса жеткілікті. Хабарласыңыз!» деген хабарландырылулар, сондай-ақ, «Ақша сал да еселеп қайтар», «Табыс табасың», «Ұтыс ұтып ал», «Жеңіл ақша» сияқты естіген құлақты елең еткізбей қоймайтын көптеген жарнамаларды көруге болады. Себебі, бүгінде көбінесе адамдар тез әрі жеңіл жолмен табысты болып, бірден мол ақшаға кенелуді армандайды. Бірақ, қайдан…
Жылдан жылға қаншама адам ақшасынан айырылса да, мұнын бәрі алдау үшін жасалатын қаржылық пирамидалар екені туралы қаншама мақалалар, пікірлер, нақты мысалдар жарық көрсе де бүгінде осының бәріне сеніп, алаяқтардың шырмауына түсіп жатқандар жандардың саны азаяар емес. Керісінше, елімізде күн сайын жаңа қаржылық пирамидалардың саны артуда. Мамандардың жасаған статистикасына сүйенсек, 2019 жылдың сегіз айында Қазақстанда ҚР Қылмыстық Кодексінің 217-бабы «Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару» бойынша 14 қылмыстық іс қозғалған. Ішкі істер министрлігі 2017 жылы мұндай 63 іс, 2018 жылы 103 іс қозғалғанын айтады. ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің дерегіне сүйенсек, тек 2017-2019 жылдары қозғалған қылмыстық істер бойынша келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 8,3 миллиард теңгеден астам (2017 жылы 6,341 миллиард теңге, 2018 жылы 1,863 миллиард теңге, 2019 жылдың 8 айында 147,8 миллион теңге). 8,3 миллиард теңгенің тек 400 миллионы ғана азаматтарға қайтарылған. Биылдың өзінде экономикалық тергеу қызметінің мәлімдеуінше, елімізде 37 қылмыстық іс қозғалып, заңды белден басқан 18 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл құбылыс көбеймесе азаймауда.
Ломбардтардағы қаржылық пирамида
Өкінішке орай, қаржылық пирамиданы қолданушылардың қатарына ломбардтар да қосылғаны бәріне мәлім. Жалпы, ломбард пирамидасы тұтынушы тарту үшін алаяқтық және қаржы пирамидасы белгілері бар бағдарламалар жүргізеді. Мысалы, ломбард салымшыларға 480 процент мөлшерінде жылдық сыйақы береміз деп уәде етіп, өздеріне тартады. Азаматтар өз кезегінде кепілге жылжымалы және жылжымайтын мүлкін, несиелер рәсімдеп, бар тапқан ақшасын салады. Алаяқтық операциялар тек қана қолма-қол нысанда жасалды, яғни, ақша тікелей ломбардтың кассасына салынып, жалған адамдармен шарттар жасалды. Аяғында ешқандай заңды қағаздар жоқтығынан адамдар құр қол қалады. Бүгінде осындай сызбамен жұмыс жасаған «Гарант 24 Ломбард», «Estate Ломбард», «Gold», «Выгодный депозит» сияқты ұйымдар анықталып, қазір олармен құқық қорғау органдары айналыса бастады. Талай тағдырды тәрк етіп, теңгесін алаяқтық жолмен жымқырған ломбардтардың алаяқтық схемаларынан 2 мыңнан аса азамат зардап шеккен.
Ғаламтор шырмауығы
Ғаламтордың дамыған уақытында, әсіресе, бүгінгі карантин кезінде барлық дерлік әлеуметтік желілерде адамдарды алдайтын алаяқтар саны күрт артты. Олардың арасында да қаржылық пирамиданы қолданатындар көбейді. Оған мысал ретінде осыдан біраз уақыт бұрын интернетте кең таралған «Қазан» немесе «Қара касса» қаржылық пирамидаларын да атауға болады. «Қазан» мен «Қара касса» қатысушыларды 14 300 теңге салып, тағы екі адамды тарту арқылы үлкен табысқа кенелесіз, деп сендірген. Алайда, аталған қаржылық пирамидалар ІІМ жүйесіндегі ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарды ашуға маманданған бөлімшелер арқылы әшкереленді. Бірақ, заң қызметкерлері бүл пирамиданы әшкерелегенімен қанша адам ақшасынан айырылып, зардап шегіп үлгерді. Тағы бір мысал ретінде «Ақ жол» қаржылық пирамидасын айтуға болады. Жүздеген тұрғын қомақты теңгесінен айырылды. «Әуелі 30 мың теңге саласың, сосын 2 адам тартып, жыл бойы аптасына 8 мың теңге алып отырасың. Ал, егер артыңнан одан да көп адам тартсаң, қосымша табыс көзі де ұлғаяды». Міне, осындай пирамидалық пәлсапаға ілінген адамдар «Ақ жол» ұйымынан қаржыларын қайтарып ала алмады. Себебі, олар өз еркімен ешқандай келісімшартсыз, жеке тұлға атындағы «Kaspi gold» банктік карточкасына апта сайын айналымға ақша салып отырған.
Әрине, біздің бұл келтірген мысалдар интернет желілері арқылы жасалып жатқан алаяқтық әрекеттердің бір бөлшегі ғана болып табылады. Иә, бүгінде ғаламтор алаяқтардың жақсы мекеніне айналған…
Үйді сату және сатып алу
Алаяқтардың қаржы пирамидасын қолданатын тағы бір жері – ол үй сату мәселесі. Естеріңізде болар, жуырда адамдарды пайызсыз баспана алып береміз деп сендірген еліміздің 17 қаласында филиалы бар қаржы пирамидасының да қызметі тоқтады. Олар тұрғын үй алғысы келетін азаматтарға 180 мың теңге көлемінде кіру жарнасын төлеп, 10 ай бойы айына 50 мың теңгеден төлем жасауды ұсынған. Белгілі болғандай, бұл ұйымға адамдар 3,9 миллиард теңге салып үлгерген. Тағы осыған ұқсас атышулы істердің бірі – арзан тұрғын үй сатып алу идеясына негізделген «Ортақ үй» тұтынушылар кооперативі. Бұл қаржы пирамидасын құрғандар салымшыларға ипотекаға балама ретінде, тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік беретін бірнеше бағдарлама ұсынған. Алайда, сотта анықталғандай, «Ортақ үйдің» негізін қалаушы бағдарламаға қатысушылардың біреуіне өзгелердің жарнасы есебінен үй алып, көпшілікке көз қылып отырған. Оның үстіне кооперативтің жағдайы жақсы екенін байқату үшін Қазақстанның әр өңіріндегі қалалардан 17 пәтер сатып алып, үлескерлермен жалгерлік келісім-шарт жасап, уақытша пайдалануға беріп қойған. Еліміздің барлық облыс орталықтарында кооперативтің бөлімшелері құрылып, ол жақта құрылтайшының қылмыстық іс-әрекеті туралы еш сезіктенбеген кеңесшілер жұмыс істеген. Осылайша, кооператив өз қызметі барысында 357 үлескер тартып, олардан 807,85 млн. теңге үлескерлік жарна жинаған.
Біздің жоғарыда айтып отырған мысалдарымыз қаржы пирамидаларының жартысы ғана. Бұдан өзге жылжымайтын мүлікті, автомобильді және басқа да қымбат мүлікті сатып алуға ақша жинауға көмек, эксклюзив клубқа мүшелік, бинарлық опциондарға арналған платформа, тұтынушылық кооператив нысанындағы қаржы пирамидасы сынды түрлері де бүгінде көптеп кездеседі.
Қаржы пирамидасының құрбанына айналмау үшін не істеу керек?
Біріншіден, компанияның абырой-беделімен жете танысып, ол ұсынатын ақпараттың дұрыстығын тексеру керек. Табысты жобалар туралы дабыра, ашық жарнамалар, салымшылар ақшасын инвестициялау сызбасына қатысты ұғынықты түсіндірмелердің болмауы, сонымен қатар, аса құпиялылық – сіз осындай қаржылық пирамидаға тартудың белгілерін байқасаңыз бірден бас тартқан жөн. Екіншіден, инвестицияның кепілдендірілген кірістілігі туралы уәделерге сенудің қажеті жоқ. Алаяқтар адам психологиясын жақсы біледі. Олар жылдық 20, 50 және 100 пайыз кіріс болатындығына оп-оңай уәде береді. Бірақ, осындай кірістілік болғанда бүкіл инвестицияланатын қаржыларды жоғалту қаупі жоғары болатындығын ескертпейді. Егер сізге ұсынатын кірістілік қазіргі уақытта банк салымдары бойынша қолданыстағы пайыздардың кірістілігінен асып кетсе, онда мұндай ұйым күмәнді көрінеді. Тұрақты кірістілігі бар заңды құралдардың (банк салымдары мен облигациялар) аз екендігін қаперде ұстаңыз. Үшіншіден, жаңа салымшыларды тарту үшін жомарт сыйақылар беру сияқты сіздің алдыңызда қаржы пирамидасы тұрғандығының нақты белгісі бар болса, бұдан бірден бас тартқан жөн.
Өкінішке орай, әлемді дүрліктірген бұл жүйенің екпіні бізді де айналып өтпеді. Қазақта «ауызы күйген үрлеп ішеді», деуші еді. Бірақ, олай емес екен. Қаржы пирамидасының салқыны қазақ баласын да біраз шарпыды. Біреулер бармақ тістеді, енді біреулер, тіпті, өз-өзіне қол жұмсау сияқты әрекеттерге де барды. Дегенмен, осы жүйені біле тұра оған қатысып, пайдаға кенеліп, белшесінен табысқа баттым деген бірі жоқ. Ең қауіптісі, әр осындай алаяқтық «қақпан – қаржылық жүйелер» уақыт өткен сайын өңін өзгертіп, аты мен айласын асырып үлгереді. Сондықтан мұндай «батпан құйрық» компаниялар жайлы тиісті құзырлы орындар бақылап та, пәтуә да шығарып үлгерер емес. Сондықтан әрбір адамның көл-көсір пайда табамын деп, қақпанға түсіп, өзгелердің де қалтасын қағып «қарғысын» арқаламай, асықпай адал мен арамның аражігін ажыратып барып кәсіп пен нәсіпке бел буғаны өзгеден бұрын өзіне пайда екенін санасына тоқуына тура келеді.
Қорыта айтатыңымыз, адамдар еш уақытта «Аспаннан ақша жаумайтынын» естен шығармағаны жөн!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.