Ер есімі – ел есінде. Өзінің ғұмыры шектеулі болса да, өз артынан шектеусіз ғұмырлы тарих тастап кеткен ұлы тұлғалар қаншама. Солардың құрметіне арнап, есімдерін мәңгі есте сақтау және жаңғырта айтып жүру үшін көше, ауыл, қала, ауданға және басқа да нысандарға есімін беру – игі іс.
Дәл осындай құрметті азаматтың бірі, Қаскелең қаласының тумасы Нұрсұлтан Әлімқұлов жайлы сөз етпекпіз.
Нұрсұлтан Әлімқұлов 1928 жылы Қарасай ауданындағы Қаскелең қаласында дүниеге келген. Талантты ақын 1957 жылдан бастап өмірінің соңына дейін 400-ден астам өлең жазып қалдырған. Жазушылар одағының мүшесі болған. Саналы ғұмырын халқына қызмет етуге арнаған талантты ақын көптеген танымал әндерді дүниеге әкелген. Әсіресе біраз әншілердің бағын ашқан «Армандастар» әні осы кісінің туындысы еді.
Сондай-ақ ақын тек қана ән мәтіндерін ғана жазып қойған жоқ, оның қаламынан «Шипахана», «Болатбек», «Дәрігер», «Мұғалім» сынды поэмалар да туған. Ақын Алаштың ардақты азаматы Тұрар Рысқұловтың құрметіне арналған «Бала Тұрар» атты эпикалық шығарманы да дүниеге әкелген болатын.
Осындай талантты тұлға жайлы тек қарасайлықтар ғана емес, жалпы қазақ халқы білген жөн. Қазіргі таңда аяулы ақынның атында Қаскелең қаласында бір орта мектеп және бірнеше орталық көшелермен қиылысатын көше бар. Ардақты ақынның есімі тарихта мәңгі сақталады.
Шұғыла ТЫНЫС.