Өткен аптада Алматы облысына ресми іссапармен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары келді. Атап айтқанда, Сенатқа қарасты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері комитетінің мүшелері көшпелі отырыс жасап, облыс аумағындағы қайта өңдеу кәсіпорындарын, агронеркәсіп кешендерін және соған қатысты бірқатар нысандардың жұмысымен танысты.
Сенаторлар іссапар барысында Қарасай жеріне арнайы ат басын бұрды. Аудандағы бірнеше зауыттың жай-күйіне және межелі міндеттеріне мән берді. Депутаттар қауымын Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов қарсы алып, өңір экономикасына серпін болып отырған бірқатар өндірістік орындарды таныстырды.
Комитет мүшелері барған нысанның бірі – Елтай ауылдық округіне қарасты Көкөзек ауылындағы «KT&G Kazakhstan» ЖШС зауыты. Бұл жоба біздің елде темекі және электронды темекі өнімдерін өндіруге арналған. Жобаның инвестициялық көлемі – 90 млрд теңге. Зауыт салынып біткен соң, мұнда 500 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған және оның 90%-ы жергілікті тұрғындар болмақ. Өндіріс орнының толық іске қосылуы өңірдің экономикалық дамуына ықпал етіп, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаның іске асырылуы Қазақстандағы өнеркәсіптік өндірісті жан-жақты арттыруға және импортты алмастыруға септігін тигізеді. Депутаттар аталмыш зауыт құрылысының маңыздылығын ерекше атап өтіп, жергілікті тұрғындарды қызметке орналастыру және жаңа технологияларды енгізу арқылы өндірісті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалады. Олар осындай бастамалар елдің экономикасын көтеруге едәуір үлес қосатынына сенім білдірді.
Сенаторлар жұмыс сапарымен арнайы барып танысқан зауыт – Жібек жолы ауылдық округіндегі «Алтын Таға» ЖШС. Аталмыш компания темірбетон бұйымдарын өндірумен айналысады. Жобаның құны 57,7 млрд теңгені құрайды. Зауыттың жылдық өндірістік қуаттылығы бойынша жылына 209 мың шаршы метр болатын тротуар плиткасы, қоршаулар және тағы басқа осы тектес темірбетон бұйымдарын дайындау көзделген. Қазіргі уақытта құрылысы қарқынды байқалғандықтан, жақын арада іске қосу жоспарлануда. Одан кейін мұнда 1200 жұмыс орны ашылмақ. Осы жоба еліміздегі құрылыс индустриясын дамытуға үлкен септігін тигізері сөзсіз. Сондай-ақ елдегі құрылыс материалдарының нарығын дамытып, яғни отандық өнім ретінде импортты алмастыруға жол ашады. Осындай мүмкіншіліктерді ескерген комитет мүшелері аталмыш кәсіпорынның аймақтық экономикаға тигізетін әлеуетін жоғары бағалап, халықты жұмыспен қамту тұрғысындағы маңыздылығына тоқталды.
Халық қалаулылары барған тағы бір ірі жоба – жүгері мен бидайды терең өңдейтін «АзияАгроФуд» АҚ. Жібек жолы ауылдық округінде орналасқан зауыттың әлеуеті жоғары. Өйткені бұл нысан облыстың жүйе құраушы кәсіпорындарына жатады. Компанияның негізгі ерекшеліктеріне тоқталар болсақ, тәулігіне 200 тонна жүгері дәнін өндейді және қалдықсыз технология негізінде жұмыс істейді. «Азия АгроФуд» АҚ басқарманың төрағасы Саян Әшеновтың айтуынша, элеватор, ұн тарту, крахмал, жем зауыттары, сондай-ақ астық қоймалары мен астық кептіргіштері – осының бәрі өндіріс құрылымын құрайды. Мұндағы цехтар мен өндіріс орындары Германияда, Швейцарияда, Италияда және АҚШ-та шығарылған ең жаңа, өнімділігі жоғары жабдықтармен жабдықталған. Мұнда бас-аяғы 560 адам еңбек етеді.
«АзияАгроФуд» АҚ-да дайын-далған өнімдер Қазақстанның ірі кондитерлік кәсіпорындарына жеткізіліп, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстан сияқты елдерге экспортталады. Аталмыш өндірістік орын аймақтың аграрлық секторын дамытуға үлкен үлес қосуда. Ал компания басшылығы өндіріс көлемін арттырып, жаңа нарықтарға шығу жоспарларымен бөлісті. Іссапармен келген Парламент өкілдері бұл кәсіпорынның жұмысымен таныса отырып, оның аймақтық және халықаралық деңгейде экономикалық өсімге тигізіп отырған әсерін ерекше атап өтті.
Жалпы айтқанда, сенаторлардың іссапары мазмұнды әрі нәтижелі болды. Ел экономикасын арттыруға ықпал етіп жатқан өндіріс орындарының әлеуетін таразылап, агроөнеркәсіп кешенін дамыту тұрғысында жүйелі істерге көз жеткізді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.