Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша іс-қимылға Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің дайындығын тексеру және пысықтау үшін еліміздің 11 өңірінде «Көктем-2025» оқу-жаттығулары өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша іс-шараларды жетілдіру, сондай-ақ басқару органдары мен азаматтық қорғаныс күштерін ықтимал су тасқыны қаупіне дайындау.
«Көктем-2025» оқу-жаттығулары шеңберінде жақында Қаскелең қаласында саптық тексеріс жұмыстары жүргізілді. Оған аудандық шұғыл әрекет ету жасағының 20 бірлік техникасы, азаматтық қорғау қызметінің 60 маманы және жеке құрам жұмылдырылды.
Саптық жиынның барысын және жеке құрам мен техникалардың дайындығын аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров тексерді. Ол алдымен азаматтық қорғау қызметтерінің басшылары мен ауылдық округ әкімдерінің төтенше жағдайларды жоюға деген дайындық шарасын қөріп, жедел әрекет ету жасағының даярлық деңгейін бақылады.
Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары Рустам Әмірғалиұлы саптық жиынға қатысушылардың қаперіне төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою кезінде жергілікті атқарушы органдарға бағынысты азаматтық қорғау күштері мен құралдарын басқару бойынша іс-қимылдар үйлесімділігін жетілдіру барысын түсіндірді. Сондай-ақ әрбір құрылым өздеріне тиісті жұмыстарды шұғыл үйлестіруге дайын болу қажет екенін де айтты.
Саптық дайындық аяқталғаннан соң мекемелер оқу-жаттығудың практикалық бөліміне кірісті. Оның аясында еріген қар суынан тұрғын үйлердің су басуының алдын алу мақсатында Қаскелең қаласы мен Кемертоған ауылында жалпы ұзындығы 500 метрлік арық қазылды. Одан бөлек Жамбыл ауылындағы Керімбеков көшесінде халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын екі тұрғын үйдің ауласының қары тазаланып, арық жүйелері ретке келтірілді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.