Белгіленген уақытта, тиімді бағамен сапалы өнім! Бизнес әлемінің осындай айнымас қағидасын берік ұстанған «Алтын Жұлдыз текстиль» тігін фабрикасының командасы бірнеше жылдан бері еліміздегі ірі құрылыс компанияларының жұмысшыларына және құқық қорғау, денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне арналған формаларды тапсырыспен тігіп келеді. Ауданымыздың Іргелі ауылдық округінде орналасқан өнеркәсіп орны қазіргі таңда жүзден астам жергілікті тұрғынды еңбекпен қамтып қана қоймай, отандық өндірістің өркен жаюына да өзіндік үлесін қосуда.
Негізінен, 2007 жылы төрт бағытты бір-ақ қамтыған компаниялар тобы ретінде күш біріктірген іскер азаматтар тігіннен бөлек, құрылыс материалдары мен техникалық құрал-жабдықтарын, жиһаз бөлшектерін дайындауды да қолға алған. Соның бірі біз сөз етіп отырған өндіріс орны. Жалпы көлемі 1 га аумақтың 7000 шаршы метрін алып жатқан ғимараттың шамамен үштен бір бөлігіндегі нағыз тынымсыз тіршіліктің нәтижесін тау болып үйіліп жатқан дайын өнімнен-ақ аңғаруға болады. Оңтайлы ойластырылған жұмыс барысы жүйесімен жүзеге асады мұнда. Алдымен тапсырысқа сай дизайнерлер үлгісін дайындап, қажетті маталарды таңдап алады. Конвейерлік әдіспен, төрт қатарға қойылған, автоматтандырылған бағдарлама орнатылған 120 тігін машинасына жайғасқан ісмерлердің көпшілігі киімнің әр бөлшегін бөлек-бөлек, яғни, біреуі қалтасын, келесісі жағасын, тағы бірі жеңін дегендей, тігеді. Ал, соңғы қатарда олар құрастырылып, дайын өнім технологтың тексерісінен өткен соң, әрі қарай үтіктеліп, сосын бүктеледі.
Мұндағы екі ауысыммен барлық істі тиянақты атқаратын қызметкерлердің де жағдайына жақсы көңіл бөлінеді екен. Тегін тамақпен қамтамасыз етіліп, аяқтаған жұмыс ауқымдарына қарай, қол еңбектерін кешіктірусіз алып тұратынын да айта кеткен жөн. Осылайша, бастапқыда ісін төрт тігін машинасымен, бір құрылыс компаниясына 70 дана киім тігуден бастаған бүгінгі фабриканың өндіріс қуаттылығының көлемі жылына 300 мың арнайы жинақты құрап отыр.
Бір айта кетерлігі, санаулы күндер бұрын ғана өз мәресіне жеткен қысқы Универсиада ойындарының сәнін арттырып, оған қатысушылар киген киімдер де осы ұжымның қолынан шыққан! «Алтын Жұлдыз текстиль» ЖШС-нің директоры Жанат Алтынқадыстың айтуынша, сапасы мен салмағына деген жауапкершілігі зор тапсырысты өнеркәсіп орны 45 күн ішінде толықтай орындап, төрт үлгідегі 5000-нан астам арнайы форма дайындаған. Олардың қатарында ұйымдастырушылардың, еріктілер мен төрешілердің киім үлгілері бар. Әр форманың өзі күртеше, шалбар, бас киімнен және аспалы сөмкеден құралып, сапалы матадан әзірленген екен. Киімдердің дизайны ұлттық ою-өрнекпен безендірілген. Сондай-ақ, Универсиада мен ЭКСПО көрмесінің, «Самұрық қазына» ұлттық компаниясының эмблемасы да, көк байрағымыздың белгісі де жабыстырылған. Дизайнерлер, киім түсіне де ерекше мән беріп, қазақ даласының жазира жазығында кездесетін сары, ақ, жасыл, қызыл түстерді таңдаған.
Қазірдің өзінде Қазақстанның түгелдей дерлік өңірлерімен тұрақты іскерлік қарым-қатынас орнатқан серіктестік шетелдік компаниялармен де байыпты байланыстан ажырамайтын көрінеді. Осылайша, отандық өндіріске қомақты үлес қосып отырған тігіншілер бүгінгі таңда Екібастұздағы «Богатырь – көмір» шахтасынынан түскен тапсырысты орындауға, яғни, 2600 дана қысқы, 5000 дана жазғы жұмысшыларға арналған киімді бір айда тігіп шығаруды жоспарға алып, іске қызу кіріскен.
Клара КӨПБАЕВА.