Ала допты серік еткен «Parasat» футбол клубының әр жастағы өкілдері жақында Түркістан қаласында өткен «Turkistan-cup Алтын күз 2021» атты турнирге қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Бұл жарыс 2009-2010 жылғы жеткіншектер арасында ұйымдастырылғандықтан, ауданның атынан жас ерекшеліктері бойынша №1 Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің екі командасы қатысты.
Республиканың әр түкпірінен жиналған жас футболшылардың жасыл алаңдағы ойыны өте тартысты өтті. 16 команданың ішінен спорт мектебінің басшысы Абзал Жұмабаев пен тәлімгер Бауыржан Өмірсеріков жаттықтыратын «Parassat – 2009» командасы 1 орынға ие болса, «Parasat – 2010»-да шынығатын шәкірттер жүлделі 3 орыннан көрінді. Сонымен қатар, турнирдің қорытындысы бойынша «Parasat – 2009» командасының ойыншысы Назар Асхатұлы осы жарыстың ең үздік шабуылшысы атанды. Бұл да парасаттықтардың мерейін үстем етті десек болады.
Қарасайлық жас футболшылар осылайша Түркістан жеріндегі турнирде топ жарып, ауданның ғана емес, Жетісу жерінің де мәртебесін арттырды. Олардың алдағы жарыстарына да сәттілік тілейміз!
Өз тілшіміз.