Соңғы жылдарда ұлттық сот жүйесінде, азаматтардың құқығын тиімді қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған, айтарлықтай өзгерістер қолға алынып отыр. Істерді қарау тәртібі жедел, әрі ыңғайлы болып, даулар екі тараптың татуласуымен аяқталуда. Оның ішінде біз бүгін «Түнгі сот» туралы әңгімелесек дейміз.
Жоғарғы соттың осы жобаны жүзеге асырып отырғаны белгілі. Бұл жаңалықты судьялар, прокуратура өкілдері, ІІМ, адвокатура, сарапшылар да қолдады. Осы орайда мұндай «Түнгі соттардың» АҚШ, Англия, Греция, Сингапурда табысты жұмыс істейтінін де айтқан жөн. Ондағы түнгі судьялардың жұмыс кестесі сағат 18.00-ден 23.00-ге дейін, әрі жұмыстары көбінесе әкімшілік құқық бұзушылықпен байланысты. Ал, бұл негізінен жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы тәртібін сақтамауы. Механизмі мынадай: электронды форматқа жол-көлік оқиғасының сызбасы жасалып, барлық материал «Түнгі сотқа» жедел түрде беріледі. Ол жерде екі жақ – жәбірленуші мен құқық бұзушы өз өкілдерімен бірге оқиға туралы сұрақтары бар анкета толтырады. Барлық шағым істі бір рет қарағанда-ақ шешіледі. Судьялардың пікірінше, кейбір істерді кешкі уақытта қарау сот қорғауы құқығын жүзеге асыруға ыңғайлы және әкімшілік құқық бұзушылық істерінің өндірісі процедурасын жеңілдетеді. Әрі тек тараптар жағдайға келіскен істер ғана қаралады. Бұл ретте тараптардың жауапкершілігіне де, шығынды өтеуге де байланысты барлық мәселенің қысқа уақытта шешілуіне мүмкіндік туады. Сонымен қатар, олардың уақыты үнемделеді, сондай-ақ, іс кешкі сағаттарда, яғни, жұмыстан қол үзбей шешіледі. Осы орайда аптасына төрт рет кезек күттірмейтін жол-көлік оқиғасы қаралатын Сингапур «Түнгі сотының» зерттелген тәжірибесінің маңызы зор. Қазіргі кезде бұл елдің сот жүйесі әлемдегі ең тиімді заң құзыреті болып отыр. Түнгі сотта іс қаралғаннан кейін тараптарда дауды одан ары созуға деген талпыныстың жоғалатынын шетелдік тәжірибе көрсетуде.
Қазақстанда түнгі соттың отырысы сағат 18.30-дан 22.00-ге дейін болады. Ең басты артықшылық – істі қорғау мерзімінің жүзден он бес күнге дейін қысқаруы. Мұнда жол-көлік оқиғаларына қатысушылар арасындағы даулар ғана қаралады. Айта кету керек, істің дәл осы санатының жыл сайынғы үлесі (жылына 13 мың іс) өте үлкен. «Түнгі сотта» қарау үшін екі шарт қойылады: кінәні мойындау және кешкі кезде қарауға келісу. Сол күні-ақ істі келесі күні қарау белгіленеді. Бұл туралы тараптар sms көмегі арқылы хабарланады. Үшінші сөткеде олар қолдарына сот қаулысын алып, онымен сақтандыру орнына жүгінуіне болады. Осылайша мұндай істі қарау мерзімі нақты қысқарады. Пилоттық жоба аясында тек 20 жұмыс күнінде «Түнгі сотта» 300 ( ал, бұл 600-ден аса адам) іс қаралды.
Әдетте, «Түнгі соттың» шешіміне наразылық білдірілмейді. Жалпы, істері осындай ретпен қаралған жол-көлік оқиғасының қатысушылар әрдайым мұндағы жеделдік пен жұмыс сапасына қанағаттанатынын білдіреді.
«Түнгі сотта» қарауға негіз болатын мынадай факторлар – жасалған құқық бұзышылық жағдайына таласпау, мойындау, келтірілген зиянмен келісу, екі тараптың да істің тез арада «Түнгі сотта» қаралуы жөніндегі ұсынысы, хаттама толтыру процедурасы мен дәлелді тіркеудің оңайлатылған тәсілі және электронды планшетті қолдану арқылы ЖСН бойынша құқық бұзушының мәліметтерін жинақтау, сот өндірісінің қысқартылған түрін қолдану. Жалпы, «Түнгі сотта» жинақталған тәжірибе адам құқығына кепілік беруді қамтамасыз етеді, сот өндірісін жеделдетеді, жеңілдетеді, адам құқығын жедел қорғау мүмкіндігін кеңейтеді. Бұл бағыттағы оңды тенденция оларда тек жол-көлік оқиғаларын ғана емес, сондай-ақ, ұсақ бұзақылықты, отбасылық-тұрмыстық дауларды, көші-қон заңнамасын бұзушылықты да қарауға мүмкіндік береді.
Біздің Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотта да «Түнгі сот» тәжірибесі қолданылуда. Бір мысал. 2019 жылдың 20 ақпанында шымкенттік бір ЖШС-нің жүргізушісі Р.И. деген азамат Алматы-Бішкек күре жолының 17-ші шақырымында К.У. деген азаматша басқарған автокөлікпен соқтығысып қалады. Ешкімнің зардап шекпеген, бірақ, К.У.-дың автокөлігі механикалық тұрғыда зақымдалып, материалдық шығын келтірілген. Сотта Р.И. өз кінәсін толық мойындап, оның байқаусызда болғанын, жолдың нашар көрінгенін және өте тайғанақ болғанын, шығынды өтейтінін айтып, жүргізушілік куәлігінен айырмауды өтінді. Жәбірленуші К.У. ЖКО барлық жағдайын айта келе, көлігін жөндеу керек екенін, сақтандыру төлемі арқылы шығынды қайтаруға қарсы емес екенін мәлімдеді. Сот азамат Р.И.-ты әкімшілік құқық бұзушылық бойынша кінәлі деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш (50500 теңге) түрінде әкімшілік айыппұл салды. Айыппұл сот қаулысы заңды күшіне енген соң отыз күннен кешіктірілмей төленуі тиіс екені түсіндірілді.
Жангелді БАЙҒОЖАЕВ,
Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судъясы.