Мектеп бітірушілер мен ата-аналар үшін жауапты сын кезеңнің басталуына да аз ғана уақыт қалды. Яғни, еліміздегі түлектер өздерінің таңдауларын жасап, Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырады. Осы ретте алдағы тестілеуге дайындықтары жөнінде аудандық білім бөлімінен мәлімет алған болатынбыз.
Биылғы оқу жылындағы Ұлттық Бірыңғай тестілеу 20 маусым мен 1 шілде аралығында өткізіледі. Былтырғы жылдан бастап, ҰБТ жаңа форматқа еніп екіге бөлінгендігін білеміз. Ол қорытынды аттестаттау мектептерде бес пән бойынша, ал, жоғарғы оқу орнына түсу емтиханы бөлек тапсырылмақ. Жалпы, мектептерде емтихандар қазіргі уақытта да өтіп жатыр. Оны ҰБТ-ға бармайтындар да тапсырады. Атап өтерлігі – бұрын тест сұрақтарын облыстық білім басқармасы дайындаса, енді бұл міндет Ұлттық тестілеу орталығына жүктелген.
Ағымдағы жылдың тест тапсырмалары 50 пайызға жаңартылған. 120 мың сұрақтан тұрады, оның 11 пайызы функционалдық сауаттылықты анықтауға арналған. Ал, 37 пайызға жуығында тест тапсырмаларының жауабы бір немесе одан да көп нұсқамен белгіленді. Осындай сұрақтардың барлығы оқушының ойлау қабілетін арттырып қана қоймай, таңдау пәнін тереңірек түсінуге де өз септігін тигізеді. Ал, жауапты пән саналатын математика болса функционалды сауаттылықты анықтауға бағытталған. Бұл әлемдік талаптарға сай келеді.
Біздің аудандағы тестілеу өткізу пункті Қаскелең қаласы, Белинский орта мектебі базасында орналасқан. Барлығы аудитория 16 бейнебақылау камерасымен, алты металліздегішпен, 12 ұялы телефондардың сигналдарын басатын құрылғылармен жабдықталған. Бұдан өзге тестілеу барысына онлайн режимде көрсетуге бағытталған жұмыстар да жүргізілуде.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнар Такимованың берген мәліметіне сүйенсек, 11 сынып бітірушілер саны1795, соның 1404-і ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген. Олардың ішінде «Алтын белгі» төсбелгісіне 38, «Үздік» аттестатқа 39 үміткер ұсынылып отыр. Жалпы, жыл басынан бастап түрлі қосымша білім беру орталықтарында 280 оқушы дайындықтан өткен. Сол нәтижелер негізінде орта балдық есеп 81,5 құрап отыр.
Сонымен қатар, ҰБТ кезінде оқушылар тасымалдаумен, тамақтандырумен қамтамасыз етіледі.
Бұрым ОРЫНБАСАР.