Мемлекеттің болашақта әрі қарай дамуы мен гүлденуі тікелей жастардың қолында. Яғни, білімпаз ұрпақ, талапты түлектерге артылар үміт те үлкен. Осындай қатарластарының алды болып, мектепті үздік аяқтаған «Алтын белгі» мен түрлі байрақты білім бәсекелерінде дара шыққан халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздарын аудан әкімі Жандарбек Далабаев арнайы марапаттады.
Жүздерінде қуаныш пен толқыныс қатар тұнған түлектер жасана киініп, өздеріне жарасымды жастық жалын-жігермен ортаға шыққанда, балалық шақтан үлкен болашаққа аттанғалы тұрған перзентін көрген ата-ананың да, он бір жыл бойы білім нәрімен сусындатқан шәкіртін шығарып салу үстіндегі ұстаздардың да жүрегін тебіреніс билегені анық.
Алғашқы құттықтау сөз кезегін алған Жандарбек Ермекұлы Мәңгілік Елдің саналы да тәрбиелі жастарын дайындауға қазыналы Қарасай жері де өзіндік үлес қосып жатқанын, биылғы оқу жылында 47 оқушы «Алтын белгі» иегері, бір бала халықаралық олимпиаданың жеңімпазы атанып, аудан абыройын асқақтата түскенін тілге тиек етті. Үлкен үміт пен нық сенім игілікті ертеңге жетелейтінін айтқан аудан басшысы түлектерге ақ жол тілеп, әрқайсысының да елі үшін ерінбей еңбек ететін, мемлекетіміздің дамуына өзіндік үлес қосатын азамат болатындықтарына сенім артатынын жеткізді. Мұнан кейін, аудан басшысы кеш иелерін кезек-кезек сахна төрінде марапаттап, сый-сияпатын ұсынды. Әсерлі күннің айғағы ретінде барлығы естелікке суретке түсті.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.