Талдықорған қаласында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында БАҚ өкілдерінің арасында жарияланған «Sunrise awаrds» сыйлығының үздіктері марапатталды.
Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай өткізілген байқауға газет, телеарна, сайт журналистері рухани жаңғыру тақырыбына жазылған материалдарын жолдап, 7 номинация бойынша өздерінің бақтарын сынады.
Байқаудың мақсаты- журналистердің кәсіби біліктілігін көтеру және жас қаламгерлерді ынталандыру.
«Sunrise awаrds» сөзінің қазақша аудармасы «күннің шығуы» дегенді білдіреді екен. Байқаудың олай аталуының өзіндік себебі де бар. Яғни, жас журналистер бұлттан шыққан күн сияқты жарқырап, биіктен көрінсін деген мақсатта аталынған.
Жалпы байқауға отызға жуық үміткер қатысып, ең үздігі іріктелініп алынды. Номинация иегерлерін жiгерлендiретiн, олардың өмiрiне күш беретiн мұндай шара облыста екінші рет ұйымдастырылып отыр.
«Мұндай байқаулар жастардың еңбегін бағалап, игі бастамаларына қолдау көрсетеді. Елдің дамуына үлес қосып жүрген жас мамандарды алға ұмтылуға, талапты да табанды, еңбекқор болуға шақырады», – дедi Өңірлік коммуникациялар қызметі басшысының орынбасары Ж.Арынбекова.
Байқау қорытындысы бойынша «Сананың ашықтығы» номинациясын «Жетісу шұғыласы» газетінің тілшісі Зейнегүл Бейбітқызы, «Бәсекеге қабілеттілік» номинациясын «Жетісу» телеарнасының тілшісі Еламан Раимбеков, «Білімнің салтанат құруы» номинациясын «Жетісу» газетінің тілшісі Мұхтар Күмісбек, «Озық әрі жаhандық көзқарас» номинациясын «Алатау» газетінің тілшісі Айдын Лина, «Ұлттық сәйкестікті сақтау» номинациясын «Таңжарық» бағдарламасының тілшісі Нұржан Қасаболатов, «Идеология және мәдениет» номинациясын «Талдықорған» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Нәзерке Әбілғалиқызы жеңіп алды.
– Еңбектің бағалануы ол шығармашыл адамдар үшін үлкен марапат, – дейді байқау жеңімпазы Айдын Лина. – Осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отырған «Sunrise awards» байқауы өңіріміздегі жас журналистерге жасалып жатқан үлкен құрмет деп білемін. Шараны ұйымдастырып, журналист қауымына үнемі қолдау танытып жүретін Алматы облыстық Ішкі саясат басқармасы мен Өңірлік коммуникациялар қызметіне алғысым шексіз. Бұл байқау алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенімдімін.
Айта кетейік, байқау жеңімпаздарына алғыс хатпен қатар көрікті өңірлеріміздегі жерлердің бірі Текелі қаласындағы «Сара жол» демалыс аймағына жолдама берілді.