Бүгінде ауданымыздың атағын шығарып, халықаралық жарыстардан жүлделі оралып жүрген жерлестеріміз аз емес. Қай спорт түрі болса да, кез-келген жас аралығында өзінің мықтылығын көрсетіп, алғашқы орындардың медалін алып, алғыс арқалаған азаматтарымыз бар. Мәселен, таяуда Алматы қаласында жүзуден «Спринт TYRov айқас» атты екінші халықаралық турнир өткен еді. Оған Жандосов ауылының тұрғыны, жасы 70-ті алқымдаған Ермек Ельгундиев қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Жалпы, жүзу шеберлерінің федерациясы ұйымдастырған турнирде бес мемлекеттен 148 спортшы бақ сынаған. Ермек Бахиұлы 60 пен 70 жас аралығында 50 және 100 метрлік жүзуде қарсыластарын шаң қаптырып, жеңімпаз атанып, екі алтын медалді қанжығасына байлады!
Адам өмірінде дене шынықтырудың алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы да мықты, өзі де шыдамды болады. Ата-бабаларымыз айтқандай «тәні саудың – жаны сау» демекші, спортшы қариямыз осыны дәлелдеген сыңайлы.
Ермек аға Ельгундиев жүзумен 2008 жылдан бастап айналысып келеді екен. Сол уақыттан бері біршама жарыстарға қатысып, біреуінен де жеңіліспен қайтпаған. Өзінің айтуынша, 2014 жылдан Қаскелең қаласындағы «Дельфин» спорт кешеніне барып, өзінің жүзу шеберлігін одан әрі шыңдап жүрген көрінеді. Бұл жеңісін ол осы орталықтың арқасында алғанын мақтанышпен айтып, оның қызметкерлеріне өзінің ризашылығын білдіруде.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.