Дұрыс таңдай білген адамға мамандықтың жаманы жоқ. Дамып жатқан қазіргі заманда түрлі-түрлі кәсіптің иесі атануға болады. Дегенмен ұлы қызмет деңгейінде мәртебесін ешқашан жоғалтпайтын ұстаз атанудың жолы да, жөні де бөлек.
Ұрпақ тәрбиесіне тікелей қатысы бар бұл мамандықтың жүгін арқалап жүру әркімнің қолынан келе бермейді. Алайда жауапкершілікті сезінген мұғалімдердің қатары ешқашан сейілген емес. Тіпті, бір әулет болып ұлағатты істі ілгері бастырып жүрген жандар да бар. Бұл сөзімізге айқын дәлел ретінде Жібек жолы ауылының тұрғындары атанған Байдәулетовтер әулетінің нәзік жанды педагогтер қауымын айта аламыз.
Ендеше былтыр ғана Үкіметтің тиісті қаулысымен бекітілген 5 қазан – Мұғалімдер күні қарсаңында тақырыбымызға тұздық болып отырған әулеттің ұстаздары жайлы қалам тербесек артық болмас.
Байдәулетовтер әулеті – Сыр өңірінің тумалары. Отбасының отағасы Молдағали Байдәулетов пен оның өмірлік жары Аршагүл Бекназарова – Қызылорда обласының Қазалы ауданында өмірге келгендер. Молдағали әкеміз 1937 жылы аталған ауданның Басықара деген ауылында дүние есігін ашқан. Осы елді мекен арқылы өтетін Сырдария өзенінің қорғаныс бөгетінде еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Ал анамыз Аршагүл Пірмағамбетқызы өмірінің 30 жылға жуығын ұстаздыққа арнаған. Екеуі өмірлік жолда жұптары жазылмай, 5 ұлға үлгілі ата-ана атанып, оларды қанаттандырып, әрбірін ұяға қондырған. 2002 жылы қасиетті Қарасай жеріне қоныс аударып, Жібек жолы ауылына көшіп келген. Содан бері әулеттің тыныс-тіршілігі Қарасай ауданында жалғасып жатыр.
Жер бетін мекендеген адамзаттың әрбірінің әйтеуір бір күні дәм-тұзы таусылары анық. Әулеттің тізгінін ұстаған Молдағали әкеміз де 2011 жылы дүниеден өткен. Ғұмыр жолында жұбайы Аршагүл анамызбен 46 жылдай бір шаңырақта өмір сүріп, ұлдарының қамқорлығына бөленіп, келіндерін қыздарындай көріп, немере-шөберелердің қызығына кенелді.
Жоғарыда атап өткендей әңгіме арқауына айналатын тақырыбымыз осы әулеттің ұстаздары жайлы болмақ. Ендеше кеңірек әңгімелейік.
Байдәулетовтер отбасының отанасы Аршагүл Бекназарова 1966 жылы Қазалыдағы педагогикалық училищені үздік аяқтап, дәл осы жылы алғаш еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. Ұрпақ тәрбиесіне араласып жүрсе де білімін жетілдіру мақсатында 1966-1970 жылдары Өзбекстанның астанасы – Ташкенттегі Низами педагогикалық институтында сырттай оқыған.
Аршагүл Пірмағам-бетқызы мұғалім болып зейнет жасына дейін бір ғана білім мекемесінде қызмет еткен. Яғни 1966-1993 жылдары Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Басықара ауылындағы №182 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. 30 жылға жуық еңбек өтілінде түрлі мемлекеттік мекемелердің тарапынан республикалық, аудандық деңгейде 30-дан астам Алғыс хаттармен, дипломдармен марапатталған. Сондай-ақ саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында елеулі еңбегі ескеріліп, ардагер-ұстаз биыл ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Алғыс хатына ие болды.
77 жастан асқан Аршагүл апаның білім саласына сіңірген еңбегі зор. Шәкірттері талай шыңды бағындырып, елдің дамуына үлес қосып, лайықты лауазымда еңбек етуде. Ал балаларына келер болсақ, өмірге әкелген 5 ұлының бәрі кәсіпкерлік жолды таңдаған. Бүгінде олар отбасының ортақ бизнесі ретінде «Бәйдәулетов» жеке кәсіпкерлігі арқылы көмір тасымалымен айналысады. Жібек жолы ауылдық округінің халқын қазбалы отынмен қамтамасыз етіп, жылу жеткізіп жүргендеріне 30 жылдан асқан.
Балаларының табыс көзіне айналған кәсібі басқа болғанымен, аяулы ананың, ұлағатты ұстаздың ізін жалғағандар – бес ұлының жұбайлары. Мұны айрықша атап өтуге болады. Келіндерінің қай-қайсы болса да бүгінгі таңда білікті мұғалім атанып, білім саласында жемісті жұмыс атқаруда.
Әулеттің тұңғышы Марат Байдәулетовтің жұбайы Аманкүл Боранбаева – қазіргі таңда Жібек жолы ауылындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектепте бастауыш сыныптың мұғалімі. Аталмыш білім шаңырағында «педагог-шебер» санатындағы жалғыз ұстаз екенін ерекше айта кету керек. Оқушыларының білім жолындағы алғашқы баспалдағына қадам бастырушы ұстаз болып, олардың жан-жақты дамуына сүбелі үлес қосып келеді.
Байдәулетовтер әулетінің екінші ұлы Болат ағаның жары Ұлтуар Сәрсембаева да педагогтік қызметте. Ол – үлкен абысынымен бір білім ошағында әріптес. Ұлтуар Ыдырысқызының бұл мектептегі жұмысы өте жауапты болып саналады. Өйткені директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болғандықтан, оған жүктелген міндет жеңіл емес. Осылайша ол да бала тәрбиелеу жолында қызмет атқаруда.
Келіндердің үшіншісі, Қайрат Молдағалиұлының жұбайы Жақсыгүл Алибекова да Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектепте еңбек етеді. Ол – осы білім мекемесінде даярлық сыныбының мұғалімі. Ал ұлдың төртіншісі Бағдат ағаның жары Әлия Меңдикараева Жібек жолы ауылындағы «Мирас» жекеменшік мектебінде бастауыш сынып балаларына тәлім береді. Бүгінгі таңда оның шәкірттері бірнеше рет аудандық, облыстық жарыстардың жүлдегері атануда.
Үйдің кенже келіні атанған, ұлдың бесіншісі Бақыт Байдәулетовтің өмірлік серігі Айгерім Үкібаева болса өзінен үлкен, алғашқы үш абысынымен бірге Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектепте қызмет етеді. Ол да бастауыш сынып оқушыларына сабақ беріп, ұрпақ санасына алғаш білімнің іргетасын қалауға үлес қосуда.
Аршагүл апаның қалтқысыз қызметін өнеге етіп, ізін жалғаған бес келіннің бүгінгі педагогтік міндеттері, міне осындай. Ақжаулықты анамыз қазіргі таңда зейнетінің рахатын көріп, 21 немере мен 21 шөбере сүйіп отырған жайы бар. Айтпақшы, немерелерінің ішінде үшеуі де ұстаздық жолды таңдаған. Олар – Мөлдір Маратқызы, Әсел Қайратқызы және Арайлым Болатқызы. Барлығы ұрпақ тәрбиелеу жолында табандылық танытып, біліктіліктерінің арқасында түрлі жарыстарда топ жарып жүр.
Ұстаздықты ұлықтаған әулет үшін мұғалімдер күні ерекше мереке болып саналады. Себебі ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ұлы қызмет оларды бір арнаға тоғыстырып, береке-бірліктерін бекемдей түсуде. Олардың ой үстіндегі ортақ әңгімесі, бір-біріне деген қолдаулары әрбірін жігерлендіріп, абысын арасындағы ынтымақтарын ырысты етуде десек артық болмас.
Осындай мәуелі бәйтерекке айналған, әулеттің түтінін түзу етіп отырған ұстаздар отбасын мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Ұлықты ұрпақ тәрбиелеу жолында еңбектеріңіз жана берсін. Әрдайым абырой биігінен көрініңіздер.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.