Елдің экономикалық деңгейін, әлеуметтік дамуын сараптап, халықтың тұрмыс-тіршілігін айқындау жолында статистика саласының атқаратын рөлі зор. Ал, бұл қызметте елеулі еңбек ететін мамандардың табандылығын айтпасқа тағы болмас. 8 қараша – олардың кәсіби мерекелері. Айтулы күннің құрметіне орай бір апта бұрын Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев осы салада қызмет етіп жүрген, оның дамуына үлес қосып жүрге бірқатар қарасайлық статистика мамандарын марапаттады.
Мерекелік бас қосуда аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы алдымен Ұлттық халық санағының сәтті аяқталуымен құттықтап, аудандық Статистика басқармасының қажырлы еңбегін жоғары бағалады. Аудан әкімі өз сөзінде бұл мекеменің басшысы Дина Нүпбаеваның біліктілігін, ұжымның бірлігін нығайтқанына, қызметтегі жауапкершілігіне алғысын айтып, оның әріптестеріне риясыз ризашылығын білдірді.
– Сіздердің атқарған жұмыстарыңыздың арқасында Алматы облысы бойынша Қарасай ауданы Халық санағын өте сәтті аяқтап, 1 орыннан көрінді. Бұл, расымен де, атап айтатын жақсы көрсеткіш. Қоғамдық істі бірлесе атқарып, ауданның әлеуетін арттыруға, экономикамыздың ілгерілеуіне зор үлес қостыңыздар. Нәтижелі жұмысқа белсенді қатысқандарыңызға алғыс білдіргім келеді. Еңбектеріңіз жемісті болсын, – деп аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы бірқатар кәсіби мереке иелерін марапаттап, өз атынан Алғыс хаттарды табыс етті.
Аудан әкімінің ықыласына бөленген жандардың қатарында халық санағының өтуіне ерекше атсалысқан, белсенді қызмет еткен интервьюерлер, жетекші-нұсқаушылар және уәкілетті тұлғалар болды.
Санитарлық талапқа сай өткен жиынның соңында аудан өнерпаздарының қатысуымен шағын мерекелік концерт ұйымдастырылып, мереке иелеріне лайықты құрмет көрсетілді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.