Ауданымызда спорт саласында еңбек етіп, балалардың денсаулығының мықты болуына зор үлес қосып жүрген бапкерлердің қатары көп. Аптаның сәрсенбісінде ауданымыздағы «Úshqońyr» спорт кешенінде аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Серік Қамзанов осындай бірқатар азаматтарды марапаттады. Нақтырақ айтсақ, ауданымыздың осы саласында балалардың өркендеп, дамуына үлкен үлес қосқан еңбектері үшін таэквандо жаттықтырушысы Бекзат Аумолдаевқа және еркін күрестің бапкері Ербол Керімбековқа Алғыс хат табысталды.
Сондай-ақ, игі іс-шарада аталмыш кешеннің директоры Дәурен Төлеген еліміздің атын шет елдерде асқақтатып, намысын қорғап жүрген жас спортшыларды марапаттады. Атап айтсақ, олар еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасы-ның 2019 жылғы чемпионы Анастасия Ни мен жастар арасындағы Санжар Досжан. Мұнан кейін, таэквандодан Иордания мемлекетінде өткен кадеттер арасындағы 2019 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Әмина Аширова мен күміс жүлдегер Айдана Сүндетбай, және Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен таэквандодан кадеттер арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері Әсел Әбубәкір мен Еркін күрестен Венгрия мемлекетінде өткен жасөспірімдер арасындғы 2019 жылғы Бүкіл әлемдік ойындарының күміс жүлдегері Әлиби Рахымбаев.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.