Тлеулиев Анарбай Байбосынұлы 1962 жылы 21 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысының Алғабас ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1986 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, 2000 жылы «Әділет» жоғарғы мектебін бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты. Әр жылдары ҚР Кеден органдарында қызмет еткен, Алматы облысы ІІБ ЖПБ басшысының бірінші орынбасары, ҚР Қарулы Күштері Аэромобильді әскерінде аға офицер болған. 2015 жылдың қазанынан Қарасай ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы.
2006 жылы «Қоғамдық тәртіпті күзеткені үшін» медалімен, «ҚР ІІМ жол полициясының үздігі», ҚР ІІМ-дегі «Үздік қызметі үшін» белгілерімен, 2008 жылы «ҚР ІІБ-дағы мінсіз қызметі үшін» үшінші дәрежелі медалімен, «Сауап» медалімен, Қасиетті Александр Невскийдің орденімен марапатталған, 2011 жылы мемлекетті терроризм мен экстремизмнен қорғануға қосқан үлесі үшін ҚР ҰҚК-нің медалін, т.б. наградаларды алған.
7 мамыр — бүгінде жаңарып, жаңғырып, қарқынды дамуға бет алған Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы өзгеше күн. Өйткені, осыдан 25 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен мемлекетіміздің Қарулы Күштері құрылды. Содан бері ол Отан қорғаушылар күні ретінде мерейлі мерекелер қатарынан орын алып, ел көлемінде үлкен ықыласпен атап өтіліп келеді. Жалпы, кез келген мемлекеттің мәртебесін арттырып, жасампаз халқының жарқын болашаққа деген сенімін нығайтуда, сонымен бірге, экономикамыздың серпінді дамуын қамтамасыз етуде құрыштай шыныққан әскерінің алатын орны ерекше екендігі белгілі. Осы жылдар ішінде Елбасы, Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен жоғары жауынгерлік әзірліктегі армия құрылып, айбынды әскеріміз жасақталды деуге толық негіз бар.
Мереке қарсаңында Қарасай аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, полковник Тлеулиев Анарбай Байбосынұлымен сұхбаттасып, аталған мекеменің тыныс-тіршілігі, жалпы жас буынның отансүйгіштігін арттыру жолдары, патриоттық тәрбие жайында жан-жақты сөз қозғаған едік.
’– Анарбай Байбосынұлы, алдымен өзіңізді келе жатқан мерекеңізбен құттықтауға рұқсат етіңіз. Осы 25 жылдық мерейтойды Сіз басшылық ететін мекеме қандай табыстармен қарсы алып отыр? Жалпы, атқаратын жұмыстарыңыз жайлы айта кетсеңіз.
– Рахмет. Әрине, бұл барша қазақстандықтар үшін ортақ үлкен мереке. Себебі, әскері мықты, сарбаздары күшті болған ел – қуатты болып саналады. Жиырма бес жылын артқа тастаған еліміздің қорғаныс саласы осы жылдар ішінде небір белестен өтіп, небір қамалдарды алды. Бұғанасын бекітіп, қанатын қатайтты. Бұл ретте оған теңізге түскен тамшыдай болса да, біздің бөлім де өзіндік үлесін қосып келе жатыр десем, қателеспеспін. Негізінен бөлімнің мақсаты – төтенше жағдай орын алған кезде жұмылдыру жұмыстарын жүргізу болып саналады. Ал, қазіргі, бейбіт аспанымызды бұлт шалмаған тыныш заманда қосымша міндетіміз – азаматтарды әскер қатарына шақырып, Отан қорғаушыларды сапқа тұрғызу. Осы тұрғыдан алғанда киелі Жетісу жерінің қара шаңырағы саналатын Қарасай ауданында осы істер рет-ретімен алға басып, оң нәтижесін беруде. Мен осы мекемеге басшылық қызметіне 2015 жылдың қазан айындағы Қорғаныс Министрлігінің бұйрығымен тағайындалып келдім. Сол себептен, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, көктемгі, күзгі әскерге шақыру жұмыстарын белгіленген межеден артығымен 120 пайызға орындағанымызды айта кеткім келеді. Жалпы, осы орайда, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы 17 қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер арасында біздің бөлім 1-орынды иеленгені де біз үшін мақтаныш әрі алдағы уақытқа деген жігерлендіру. Сонымен қатар, өзіме де өңір басшысы А.Баталовтың қолынан болашақ ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудегі еңбегім ескеріліп Құрмет Грамотасын алу бұйырды. Бұдан бөлек, былтыр осы аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің ғимаратына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Газбен жылыту жүйесі іске қосылды. Сонау 1928 жылы іргесі қаланған мекеме 1939 жылы әскери коммиссариат болған екен. Содан бері жай ағымдағы қалыпқа келтіру жағы қолға алынғанымен, кешенді жөндеуді қажет етіп тұрғаны байқалатын. Былтыр бөлім ұжымының күшімен осы үлкен шаруаны жүзеге асырдық.
– Олай болса бұл ғимарат қабырғаларында да талай тарих тұнып тұрған сияқты ғой?
– Иә, әрине. Сол бір сұрапыл соғыс кездерінде, 1942-43 жылдары осы әскери комиссариаттың комиссары атақты ақын, кезіндегі жыр алыбы Ж.Жабаевтың әдеби хатшысы Тайыр Жароков болған. 2015 жылдың желтоқсанында бөлімнің ауласына осы тарихи тұлғаға арнап ескерткіш қойдық. Өйткені, бұл да өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге, өзінше бір тәрбие.
– Өте жақсы екен. Енді жаңа өзіңіз айтып өткендей, қазіргі басты жұмыстарыңыз әскерге жарамды азаматтарды сарбаздар сапына қосу ғой. Қазіргі көктемгі науқан қалай жүріп жатыр?
– Әскери міндетін орындау – Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, әрбір азаматтың қасиетті борышы саналады. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес, он сегіз бен жиырма жеті жас аралығындағы азаматтар мерзімді әскери қызметке баруға міндетті. Қазіргі таңда, облыстық штаб бекітіп берген жолдамаға сәйкес, қарасайлық бір топ жас сарбаз Қарулы Күштер мен республикалық Ұлан, сонымен қатар, Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне, ҰҚК-нің шекара қызметіне жіберілді. Негізі, бүгінгі таңда біз бұл іске қатысты белгіленген жоспарды 70 пайызға орындап қойдық.
– Бұл ретте жасөспірімдердің денсаулығына қандай талаптар қойылады? Ерекше қарым-қабілеттері ескеріле ме?
– Әрине. Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Ә.Назарбаев еліміздің Қарулы Күштері көп санды емес, ұтқыр әрі соғысқа қабілетті болу қажет екенін атап көрсеткен болатын. Осы мақсатта Қарулы Күштердің түрлері мен тектеріне, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарына тағайындау кезінде азаматтардың өндірістік біліктілігі мен мамандығы, олардың денсаулық жағдайы ескеріледі. Мәселен, техника шығару және жөндеуге қатысты ұйымдарда жұмыс істейтін әскерге шақырылушылар сәйкесінше әскер түрлері мен тектерін жасақтауға жіберіледі. Ал, аэроұтқыр әскерлерді жасақтау үшін ортадан төмен емес білімі бар, дене дамуы жақсы, бірінші кезекте спортпен айналысатын парашютші әскерге шақырылушылар арасынан іріктеу жүзеге асырылады. Сондықтан, бұл істе де санға емес, сапаға көбірек көңіл бөлуді алдыңғы орынға қоямыз.
– Қарулы Күштердің қуатын арттыра түсу үшін тәжірибелі мамандар құрамын жасақтаудың маңызы зор. Бұған қатысты жүзеге асып жатқан қандай жұмыстарды айтар едіңіз?
– Жаңа әскерге қабылданған жасөспірімдер арасында республикалық Ұланды жасақтау үшін басым тәртіпте дене даярлығы жақсы, ортадан төмен емес білімі бар әскерге шақырылушылар алғашқы кезекте іріктеледі. Яғни, бұл жерде оқу бөлімдеріне іріктеу кезінде, сондай-ақ, олардың әскерге шақыруға дейін алған мамандықтары ескеріледі. Біздің мемлекетіміздің қорғаныс қабілеттілігі, жоғарыда айтқанымыздай, Қарулы Күштерді жеке құраммен жасақтау сапасына, олардың даярлығына тікелей байланысты. Басты мақсат – әскери оқытылған резерв құру. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру мұның бір бөлігі ғана. Біз қазіргі кезде әскери борышын атқарып келген жастарды келісім-шарт негізінде қызметін жалғастыруға шақырудамыз. Бұл жағдайда келісім-шарт негізіндегі сарбаздардың айлық жалақысы штаттық лауазымына байланысты қарастырылған. Одан бөлек, коммуналдық қызмет, қосымша төлемақы төленеді. Әскери киімдер тегін беріледі. Жылына бір рет демалысқа жіберіліп, 2 айлық жалақы көмегі беріледі. Әскери қызметші мен оның жанұясы аурухана мен госпитальда тегін емделе алады. Зейнеткерлікке шығу мерзімі 45-55 жасты құрайды. Пәтер және тұрғын үйі жоқ әскери қызметшілерге ай сайын қосымша пәтер ақысы беріледі. Ондағы басты мақсат – Қарулы Күштердің сапалы резервін құру.
– Анарбай Байбосынұлы, енді жалпы, өскелең ұрпақтың қалыптасқан патриоттық сезімі, әскерге аттанып жатқан жасөспірімдердің бойындағы отансүйгіштігі, осыған қатысты отбасындағы тәрбие жайында сөз қозғасақ. Қазіргі бозбалалардың бойынан сарбаз сапында болуға деген құлшынысты қаншалықты жақсы байқауға болады?
– Бұрындары, біздің жас кезімізде десем де болады, әскерге аттану – үлкен абырой еді. Бармай қалуды намыс көретін. Ал, қазір керісінше, денсаулығы жарап тұрса да түрлі сылтау іздеп, қалып қалуды көздейтін кейбір соқталдай азаматтардың да арамызда бар екенін жасыра алмаймыз. Сондықтан да жасөспірімдер арасындағы патриоттық тәрбие аса маңызды және біздің тарапымыздан да осы мақсатта жүйелі жұмыстар жолға қойылған. Бұл тұрғыдан алғанда әр отбасында елжандылықтың, отансүйгіштіктің іргетасы қалануы қажет деп ойлаймын. Әр әке өзінің өмір тәжірибесіне сүйене отырып, ұлының жарқын болашағына дұрыс жол көрсетуі керек. Тағы бір айта кететін жайт, өскелең ұрпағымыздың бойында жоғарыда айтқан жақсы қарым-қабілеттерді арттыра түсу үшін әскери-патриоттық клубтардың қажеттілігі. Қазіргі кезде бұл мәселе де біздің алдағы жоспарларымызға енгізілген. Ал, негізінен, Қарасай ауданындағы бозбалалардың сарбаз атануға деген бетбұрыстары жаман емес. Жоғарыда айтып өткендей, жоспарды белгіленген межеден артық орындап жатқанымыз да бұл сөзімізге дәлел бола алмақ.
– Әскерге барған және бармаған азаматтың арасындағы айырмашылық туралы не айтасыз?
– Әскер – өзінше бір өмір мектебі. Сарбаз сапында болған бозбала бірден есейіп, жауапкершілігі артып, тәртіп пен талаптың не екенін жақсы түсініп, сонымен қатар, алыста болған бір жыл ішінде туған-туысқандарына, жақындарына деген сыйластығы да нығая түседі. Бұл мінез-құлық жағынан болса, екіншіден, қолында әскери билеті бар азаматқа жұмысқа орналасу, қалаған мамандығының иесі болу да жеңілірек тимек. Өйткені, былтырдан бері бұл тұрғыда талап күшейтіле түсті. Яғни, қандай да бір қызметке тұру құжаттарының тізіміне осы әскери билет те қосылды. Сондықтан, қазір денсаулығы жарап тұрса, жігіттеріміздің өздері де сарбаз атануға мүдделі деуге негіз бар.
– Ал, әскери өмірге қызығушылық танытатын бойжеткендер жайлы не деуге болады?
– Жұмыс барысында ондай батыл, темірдей тәртіптен қашпайтын қыздарымызды да кездестіріп жатамыз. Олар меңгерген мамандықтарына қарай әскери бөлімдерге алынады. Әрине, егер денсаулықтарына қойылатын талап үдесінен шықса және арнайы жаттығу сынақтарынан өтсе.
– Биылғы оқу жылы да аяқталуға жақын. Мектеп түлектерінің арасында осы Отан қорғау саласынан өз орнын тапқысы келетін жасөспірімдерге қандай кеңес берер едіңіз? Қандай әскери жоғарғы оқу орындарына түсуге болады елімізде?
– Әрине, «Елін қорғау – ердің ісі» дегендей, Отанына деген қамқорлығын көрсетіп, өз үлесін қосқысы келетін жастардың саны ұлғая түссе, әскери мамандықтың мәртебесі арта берсе, біз оған әсте қуана қараймыз. Бұл ретте Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтын, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтын, Т.Бигелдиев атындағы әскери-авиациялық институтты сөз етуге болады. Осы мәселеге байланысты, бөлім қызметкерлері аудан мектептеріне барып оқушылармен сұхбат жүргізіп, ақыл-кеңестер беретінін де айта кеткен жөн.
– Анарбай Байбосынұлы, енді алдағы уақытқа белгілеп отырған жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
– Негізінен, алға қойған мақсатымыз белгіленген жұмыс межесін осындай жақсы қарқынмен жүргізіп, әрі қарай да бөлімнің абыройын асқақтата беру. Жасөспірімдер арасында патриоттық сезімді нығайтуға қатысты іс-шараларды жандандыра түсу, ауқымын кеңейту. Сонымен қатар, 1918 жылы Лениннің декреті негізінде әскери комиссариаттар құрылғаны белгілі. Осыған орай, 2018 жылы біз де өз комиссариатымыздың 100 жылдық мерейтойын атап өтуді жоспарға енгізіп отырмыз. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бөліміміздің ғимаратына былтыр ішкі күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Енді, оның сыртқы келбетін қалпына келтіріп, ең бастысы шатырын ауыстыруды алдымызға мақсат етіп қойып отырмыз.
– Сөз соңында, мерекеге орай, оқырмандарға қандай тілек айтасыз?
– Ең бастысы егемен еліміздің көк туы төмен түспей, айбынымыз асқақтай берсін. Өсіп келе жатқан ұрпақтарымыздың жүрегі ел деп соғып, тәуелсіздігіміздің тұғыры бекемделе түссін. Ал, Отан қорғаушыларымыздың еңбегі әрдайым еленіп, әскери қызметтің мәртебесі арта берсін. Өйткені, әскері мықты ел – қуатты ел екені белгілі. Ал, қуатты елдің қашанда іргесін бүтін, халқы бақытты болатыны сөзсіз…
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген Клара КӨПБАЕВА.