Әне-міне дегенше барлық елдерге де біраз қиындықтар әкелген 2020 тышқан жылы тарих қойнауына кетіп, оның орнына мүшел есебінің екінші сиыр жылы өз билігін бастады. Жалпы, қазақ сиыр жылына құтты жыл ретінде қарайды. Халық сенімінде елдің жай-күйі мен ауа райы жыл иесі атанған хайуанның мінезіне, болмысы мен қасиетіне байланысты құбылып отырады. Міне, осы сиыр жылына қадам бастық. Бұл жыл қандай болады? Осы ретте біз зеңгі баба жылына көріпкелдердің жасаған болжамдарын назарларыңызға ұсынамыз.
XV ғасырда өмір сүрген француздық атақты көріпкел Нострадамус 2021 сиыр жылы «теңізде үлкен шайқас болып, қызыл өрттен жануарлар көп зардап шегеді» деп ескертіпті. Мұны мамандар болашақтағы табиғи апаттарды білдіреді, деп болжайды. Цунами, жанартаудың атқылаулары және теңіз бетіндегі өрт болуы ықтималдылығын да жоққа шығармайды. Нострадамус, сонымен қатар, жаңа сауда-саттық мүмкіндіктерінің ашылуы туралы айтады. Қолөнершілердің өніміне сұраныс артатынын болжады. Мүмкін әңгіме барлық жерде болатын онлайн-сауда және қолөнер бұйымдарына деген сұраныс туралы болып жатқан шығар. Жақсылық пен жанашырлық қарым-қатынас та басты орын алады. Агрессия мен қақтығыстарды басу керек. Адамдар бірін-бірі тыңдап, келіссөздер жүргізуге мәжбүр болады, деп болжаған.
Ал, белгілі болгар көріпкелі Ванга 2021 жылдың бетбұрыс кезеңі болуы мүмкін екенін айтты: табиғи апаттар, дағдарыстар және кейбір елдердегі өзекті мәселелер. Жағалаудағы қалалар үлкен толқын астында қалады, адамдар қорқынышпен өмір сүреді. Сейсмикалық және жанартау белсенділігі күшейеді, дегенді де атап өткен.
Бұл өзге ұлт көріпкелдерінің болжамы. Ал, біздің қазақтың осыдан 5 ғасыр бұрын өмір сүріп, «Шипагерлік баян» кітабын жазған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы да сиыр жылы жайлы өз болжамын жасап кеткен еді. Сиырды маңғаз деп атаған емші бабамыз «Мүшелдік тектілігі саналатын бұл жылдағылар сусағыш, тамақсау, өзара шығысымы үй ішіндік болса да қағыспалы, бірақ, зілсіз, кексіз, харакеті біртоға, көмпіс, оңайлықпен сөз өтпейтін, қамшы жүргізіп, таяқ шектейтін, тілге азбайтын, иісалмас болғанымен, жау тиіскенде айғай-аттанын естісе, не қан көрсе болғаны намысы қозғыш, өлген-тірілгеніне, алды-артына қарамайтын, бірі қалмай атқа қонатын, сонымен қоса бірауызды, қаратұяғынан хал кеткенше айқасатын, қауқарлы-қауқарсыздығына қарамайтын әрі өздерін және жастарын аялауға құштарлығы басым, не жеңіп, не өліп тынатын, досқа адал, ақ-пейіл, достары мен туған жерінен әсте айырылғысы келмейтін, тек өлім ғана айыратын, ер көңілді желіп етпес сабаздар молаң болмақ» деп сипаттапты.
Мінекей, бірқатар көріпкел Сиыр жылын осылай өтеді деп болжаған екен.
Біз, қазақ халқы, ешқашан жақсылықтан күдер үзбеген елміз ғой. Жақсы болады деген тышқан жылында жамандық келсе, қиын саналып келген сиыр жылында бәрі керісінше болып жатса деген үміт те жоқ емес. Ырымшыл халықпыз ғой.
Сондықтан бұлт артынан күн шығады демекші, биылғы пандемиядан шаршаған ел келесі жылы індеттен құтылып, жаймашуақ күн кешіп, көп жақсылықтарға кенелсін деп тілейміз!
Дайындаған
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.